$ 540  630.72  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау облысында үш бірдей ауыл тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылды

Жаңа өндірістік нысан теңіз суын өңдеп, санитарлық талаптарға сай сапалы ауыз су ұсынады

Маңғыстау облысында үш бірдей ауыл тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 29 мамыр күні Форт-Шевченко қаласында тәулігіне бес мың текшеметр теңіз суын тұшыта алатын жаңа зауыт іске қосылды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұсабаев Самат және аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.

Жаңа өндірістік нысан теңіз суын өңдеп, санитарлық талаптарға сай сапалы ауыз су ұсынады. Бұл зауыт Форт-Шевченко, Баутино және Аташ елді мекендерінің тұрғындарын толықтай ауыз сумен қамтамасыз етпек. Аталған үш елді мекенде шамамен 12 мыңға жуық халық тұрады, олардың қазіргі тәуліктік су тұтыну көлемі 3 500 текше метрді құрайды.

Зауыттың ашылу рәсімінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жергілікті халықты құттықтап, өңірде іске асып жатқан жобаларға тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыста бірнеше ірі жоба қолға алынды. Су тапшылығы аймақ үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта жүйелі жоспарлар жасалып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жақын арада көретін боламыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Шара барысында жобаны іске асырушы – «Толағай 2050» ЖШС Түпқараған аудандық су жүйесі мекемесіне арнайы автокөлік сыйға тартты.

Айта кетейік, облыста ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, маусым айының соңына дейін «СК-А-Строй» ЖШС іске асырып жатқан су тұшыту зауытының қуаты бес мыңнан сегіз мың текше метрге дейін ұлғайтылмақ. Тамыз айынан бастап Ақтау қаласына қосымша тәулігіне үш мың текше метр, ал Баянды ауылындағы қондырғы арқылы Мұнайлы ауданына тәулігіне төрт мың текше метр ауыз су жеткізіледі. Сонымен қатар маусым айының соңында «Кендірлі» курорттық аймағында орналасқан «Тоқмақ» жерінде қуаттылығы тәулігіне 50 мың текшеметр болатын ірі су тұшыту зауытының құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Серіктес жаңалықтары