Ақтөбеде кәсіпкерлерді бопсалап, ақша алған «антикор» ұсталды
Өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкері ретінде таныстырған алаяқ 4 миллион теңгемен ұсталды

Ақтөбеде өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлерден ақша бопсалаған ер адам ұсталды. Ол жалған айыптармен қылмыстық іс қозғайтынын айтып қорқытып, ақша талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған қатысты ақпарат Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына түскен.
5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТАЛАП ЕТКЕН
Тексеру барысында күдіктінің қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің кадр бөлімінің басшысынан 5 миллион теңге талап еткені анықталды. Ол жәбірленушінің жеке ақпараты мен кәсіби жағдайын білген, бұл мәліметтерді психологиялық қысым жасау үшін пайдаланған.
ҰСТАУ КЕЗІНДЕ 4 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТӘРКІЛЕНДІ
Арнайы операция кезінде бопсалаушы ер адам ұсталып, басқаруындағы көліктен 4 миллион теңге тәркіленді. Бұл – бопсалау арқылы алынған ақша ретінде тіркелді. Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы («Бопсалау») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
10 ЖЫЛҒА ДЕЙІН БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛУЫ МҮМКІН
Аталған баптың санкциясы бойынша күдікті 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Құқық қорғау органдары бұл істі ерекше бақылауға алған.
«Құқық қорғау органдары халықты сақ болуға шақырады. Егер осындай жағдайлар орын алса, бірден полицияға жүгінуді сұрайды. Барлық өтініштердің анонимдігі мен қауіпсіздігі кепілдендіріледі», - делінген облыстық ПД хабарламасында.