«Қолында балта, жанында «мәйіт»: лифтіде пранк жасаған блогерлер қамалды
Лифт ішіндегі жалған «қорқынышты шоу» тұрғындарды күйзеліске түсірді

Астанада желіге «хайп» үшін қорқынышты пранк түсірген блогерлер әкімшілік қамауға алынды. Олар көпқабатты үйдің лифтісіне жалған мәйіт пен «жараланған» адам бейнесін қойып, бейнеролик түсірген. Видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін, полицейлер оларды анықтап, ұстады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, олар лифт ішіндегі бұл «әзіл» шын мәнінде тұрғындар үшін шошынуға себеп болған. Бір адам лифтіге жүгіріп кірсе, екіншісі қансырап жатқан адам кейпін сомдаған, үшіншісі қолына балта ұстап тұрған. Мұндай сәтті көрген қарапайым азаматтар күйзеліске түсіп, шынайы қауіп деп қабылдаған.
«Мұндай «әзілдер» – моральға жат әрі қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекет. Олар қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін», – делінген ресми хабарламада.
Сот шешімімен пранк ұйымдастырушы 30 тәулікке қамауға алынса, оның екі серіктесіне 15 тәуліктен әкімшілік жаза тағайындалды.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада «өлікпен» ойнаған блогер көптің сынына қалғаны хабарланған болатын.