Астанада Ұлттық ұланның 400 сарбазы ерлікке тағзым етті
Олар салтанатты шерумен сапта жүріп өтті

Астанада Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад аясында Ұлттық ұланның 400-ге жуық әскери қызметшісі сап түзеп, ата-баба ерлігіне тағзым етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Парадқа 5573 әскери бөлімі мен «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері қатысып, салтанатты шерумен сапта жүріп өтті. Олардың қатарында майдангерлердің ұрпақтары да болды. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Абжановтың айтуынша, әскери бөлімдердің қару-жарағы мен техникасы жыл сайын жаңартылып, қазіргі заман талаптарына сай жетілдіріліп келеді.
«Бүгінгі парад – жауынгерлеріміздің жауынгерлік рухы мен жауынгерлік дайындық деңгейінің көрінісі. Біз ерлікке толы тарихымызды ұмытпай, батырларымыздың жолын жалғастырудамыз», – деді ол.
«Мен – Жеңістің мұрагерімін. Себебі, соғыстың ауыр жылдарында менің атам да майданда ерлік көрсеткен. Бүгін оның ерлігін мақтанышпен еске алып, ұрпағы ретінде осы парадқа қатысу мен үшін үлкен құрмет», – деп бөлісті Арнайы жасақ жауынгерлерінің бірі.
Салтанатты шарада 30 әскери қызметкерден құралған оркестр маршпен музыкалық сүйемелдеу көрсетті. Сонымен қатар көрермендерге Ұлттық ұланның заманауи 13 бірлік бронетехникалары таныстырылды. Олардың қатарында – «Барыс» 6×6, «Алан-2», «Cobra II» және 17 сарбазды қауіпті аймақтардан өткізе алатын «Урал ВВ» көлігі болды.
Биылғы парадқа барлығы 4,5 мың әскери қызметші, барлық әскери құрылымдар мен бөлімдер қатысты. Алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған бөлімдердің жауынгерлік туларымен қатар, әскери жылдардағы тарихи формамен де шерулер өтті.