Тоқаев: Елдің қорғаныс қабілетін арттыру – басты міндетіміз
Президент қаһарман армиямыз ел Тәуелсіздігінің тірегі екенін айтты

Астанада өткен әскери парадта сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік пен егемендікті сақтау ісінде әскери қуат пен рухани беріктіктің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақ халқының ерлігі мен батырлығы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тарихи мұра екенін жеткізді.
«Алтын Орда мен Қазақ хандығы кезеңінде аты аңызға айналған батырлар Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Бүгінде олардың ұрпақтары Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын қырағы күзетіп отыр. Біздің қаһарман армиямыз – ел Тәуелсіздігінің тірегі. Қарулы Күштеріміз мемлекеттің аумақтық тұтастығын, ел азаматтарының тыныштығы мен бейбіт өмірін қорғауда. Сондай-ақ, халықаралық тұрақтылықты сақтауға үлес қосып келеді. БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысу – бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстан армиясына деген жоғары сенімінің белгісі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қорғаныс қабілетін арттыру мемлекет үшін стратегиялық басымдық екенін атап өтті.
«Қорғаныс қабілетін нығайту – басты міндет. Біз Қарулы Күштерді жаңғырту және армияның әлеуетін арттыру бағытында нақты шешім қабылдадық. Парламент тиісті заңды қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнайы органдар мен азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің армиямыздың күші – жеке құрамның биік моральдық рухы мен темірдей тәртібінде. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – еліміздің қауіпсіздігі мен халықтың тыныштығының кепілі. Біз заң мен тәртіпке адал, жауапкершілікті азамат болуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін еске салды.
«Отанды қорғау – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бұл – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Біз бірге Әділетті, Күшті, Қауіпсіз және Таза Қазақстан құрамыз. Еңбегіміз жемісті болсын! Ұлт рухы асқақтай берсін, мемлекеттігіміз мәңгілік болсын! Көк байрағымыз көкте қалықтай берсін! Барша қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.