Қазақстандық оқушылар математикадан халықаралық олимпиадада үздік үштікке кірді
Жарысқа 22 елдің мектеп оқушылары қатысқан

Қазақстандық оқушылар Халықаралық Балқан математика олимпиадасында (BMO) жоғары нәтиже көрсетіп, үздік үштікке енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы олимпиада Босния және Герцеговинаның астанасы Сараевода өтті. Жарысқа 22 елдің мектеп оқушылары қатысқан. Қазақстандық оқушылар үш күміс, үш қола медаль жеңіп алып, құраманың барлық мүшесі жүлдемен оралды.
Күміс жүлдегерлер:
- Әмір Сахипов — Алматы қаласындағы РФММ-нің 11-сынып оқушысы;
- Марғұлан Шәрел — Астана қаласындағы Spectrum мектебінің 11-сынып оқушысы;
- Элдар Үсенов — Алматы қаласындағы НЗМ ФМН 10-сынып оқушысы.
Қола жүлдегерлер:
- Дамир Нұрланов — Ақтау қаласындағы НЗМ ХБН 12-сынып оқушысы;
- Әмірлан Аманжолов — Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы;
- Бердібек Орынбасар — Атырау облысындағы №1 «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.
«BMO – шілде айында Австралияның Квинсленд штатында өтетін Халықаралық математика олимпиадасына (IMO) дайындықтың маңызды кезеңі. Жас дарындарға қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке, ұстаздарыма және жаттықтырушы командаға алғысым шексіз», — деді күміс жүлдегер Марғұлан Шәрел.
Ұлттық құраманы олимпиадаға Асылбек Исахов пен Мұхтар Қабақ дайындаған. Бұл — қазақстандық команданың BMO додасындағы екінші рекордтық көрсеткіші. 2024 жылы да оқушылар үздік үштікке енген болатын.