«Абыройын таптады»: сарбазды ұрған командир бірнеше жылға сотталып кетті
Ол 2 млн теңге өтемақы төлейтін болды

Алматы облысында мерзімді сарбазды ұрған командирге қатысты сот үкімі жарияланды. Әскери қызметші үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы гарнизонының әскери сотында Т.-ға қатысты билікті асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. (ҚК 451-бабының 1-бөлігі)
«2024 жылдың маусым айында сотталушы Т. жеке құрамды басқара отырып, әскерге шақырылған Ә. әскери қызметшінің әдейі ішінен соққы жасап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Бұл әрекет арқылы айыпталушы оның абыройын таптап, жалған үстемдігін көрсетуді көздеген.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, тергеу хаттамаларымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.
Жасы және бұрын сотталмағандығы жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ал ауырлататын мән-жай ретінде әскери антты бұзуы ескерілді.
ҚК 451-бабының 1-бөлігі бойынша санкция бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе дәл сол мөлшерде түзету жұмыстарын, не бес жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуді, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді», - делінген әскери сот хабарламасында.
Белгілі болғандай, сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Жәбірленушінің өкілдері айыпталушыны заңның барынша қатаңдығымен жазалауды және материалдық шығынды өтеуді сұрады.
Сот оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің пайдасына 2 млн теңгеден астам материалдық шығын өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.