$ 488.53  531.91  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Несие алып берген досын пышақтап өлтіріп, қорасына көміп тастаған: БҚО-да жас жігіт 17 жылға сотталды

Ол жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады

Несие алып берген досын пышақтап өлтіріп, қорасына көміп тастаған: БҚО-да жас жігіт 17 жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында досын өлтіріп, қорасына көміп тастаған жас жігіт 17 жылға сотталып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр жазда БҚО-да жергілікті жергілікті пабликтерде жоғалған жас жігіт туралы хабарландырулар жарияланған. 27 маусымда 21 жастағы Жеткерген Жамбылов «Строитель» шағын ауданындағы үйінен шығып кетіп, жоғалып кеткен. Туыстары бірден дабыл қағады. Кейінірек жас жігіттің денесі досының үйінің жанындағы қораға көмілгені анықталды. Жантүршігерлік қылмысты жасады деп оның досы 18 жастағы Қуандық Хайруллин күдікке ілінген. Оған 99-баптың 8-бөлігі, «Пайдакүнемдік ниетте кісі өлтіру» бойынша айып тағылды. Істі алқабилер алқасы қарады.

Күдікті Хайруллиннің өзі айтқандай, Жамбыловпен 2024 жылдың қаңтарында танысқан. Олар Оралдағы супермаркеттердің бірінде бірге жұмыс істеген. Жастар тез достасып кетіпті. Алайда, кейін олардың арасында марқұмның өз атына алған несиесі бойынша жанжал туындаған. Жамбылов несиені уақытында өтеуге уәде бергендіктен, алған ақшасының бір бөлігін досына берген. Хайруллин уақытында төлем жасай алмаған.

Қайғылы оқиға болған күні Жеткерген Жамбылов Хайруллиннің үйіне келіп, қарызды қайтаруды талап еткен.

«Ол ашуланып, дауыс көтеріп, балағат сөздер айтты. Қарызды өтеу үшін ауылдан келгендерін айтты. Мен оны сабырға шақыруға тырысып, оны таңғы асқа шақырдым және бір-екі апта беруін сұрадым. Бір кезде ол қалтасынан жиналмалы пышағын алып, аяғыма екі рет сұғып алды. Сосын менің киімімді жыртып тастады. Мен өз өмірім үшін қорыққандықтан қораға барып, пышақ алып, мойнына сұғып алдым. Бірақ пышақ қатты кірмеген еді. Ол осыдан кейін де тынышталған жоқ және оны алдап отырғанымды айтты. Содан кеудесіне тағы бірнеше рет пышақ сұғып алдым. Жеткерген құлап қалды, ал мен есеңгіреп тұрып қалдым. Оның өлгенін түсіндім. Үйден қара полиэтилен пакет алып, мәйітті жауып қойдым. Содан қораның ішінде бір метр тереңдікте шұңқыр қазып, денесін отырған күйінде көміп тастадым», - деді Хайруллин.

Сотталушының айтуынша, үйіне барып, киімін ауыстырған. Ол марқұмның телефондарын, құлаққабы мен екі пышағын Шаған өзеніне лақтырып жіберген. Бірнеше күннен кейін Жамбыловтың туыстары мен полиция қызметкерлері күдіктіге келіп, қайда екенін сұраған. Хайруллин қылмысын жасыру үшін қайда екенін білмейтінін айтқан.

Алайда прокурор Дина Ізтілеуова сотталушының сөзіне күмәнмен қарауды сұрайды. Оның айтуынша, Жамбылов оған пышақсыз барған. Ал Хайруллиннің пышағы Жамбыловтың мойнына емес, оң жақ қабырғасына кірген, өйткені оның жейдесінің артқы жағы зақымданған. Алайда, сараптама өлімнің нақты себебін анықтай алған жоқ, өйткені дене бір айдың ішінде толығымен дерлік ыдырап кеткен.

«Біз оқиғаның қалай болғанын тек Хайруллиннің нұсқасы бойынша ғана білеміз. Шын мәнінде не болғанын тек Хайруллин ғана біледі. Тәжірибелі полицейлер де көргендерінен шошып кетті. Олар Жеткергеннің қалдықтарын бөліп-бөліп жинап шықты. Жамбыловтың Хайруллинге бірінші пышақ жұмсағаны да қисынсыз естіледі. Болған оқиғадан кейін ол тіпті ақсаған да жоқ. Бұл туралы куәгерлер айтты. Меніңше, Жеткергеннің қолында тіпті пышақ та болған жоқ. Зардап шеккендер ұлынан, бауырынан және жақынынан айырылды. Олар оны енді ешқашан көрмейді. Сондықтан, құрметті қазылар алқасының мүшелері, әділ үкім қабылдауларыңызды сұраймын», - деді Дина Ізтілеуова.

Айта кетерлігі, осыған дейін полицейлер оның үйінде тінту жүргізгенімен, қылмыстың ізін де, мәйітті де таппаған. Хайруллиннің өзі болса, досы Жамбыловтың құмар ойындарға құмар екенін, қарызы мен несиесі көп екенін, өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтып, қылмысын жасырып қалмақ болған.

Хайруллин тергеу ісінде күмәннің бәрі өзіне барып тірелгеннен кейін ғана қылмысын мойындаған. Марқұмның туыстары оның ескі телефонын тауып алған, онда Хайруллинмен жазысқан хаттары сақталып қалған. Хатта Хайруллиннің Жамбыловқа қарызды жақын арада қайтаратыны туралы жазылған. Осыдан кейін ғана Хайруллин жасаған қылмысын мойындады.

«Жеткергеннің туыстарынан кешірім сұраймын. Оны өз қолыммен өлтірдім. Мен шын жүректен көңіл айтамын. Осылай болғанына өкінемін. Иә, мен оны өлтірдім, бірақ пайдакүнемдік себептермен емес. Жағдай осылай болып қалды», - деді Қуандық Хайруллин.

Марқұмның туыстары соттан Хайруллинді барынша қатаң жазалауды сұрады.

Қазылар алқасы Қуандық Хайруллинді кінәлі деп тапты. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Серіктес жаңалықтары