Головкинді жеңетініме адамдардың 99,9% сенбейді – Камил Шеремета
Геннадий Головкин мен Камил Шеремета арасындағы бокс кеші 2020 жылдың тамызында өтеді деп жоспарланған
Польша боксшысы Камил Шеремета қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығып, жеңемін дегенге көп адам сенбейді деген пікірін білдірді. Оның пікірі sport.kz сайтында жарияланған.
«Мен жаттыға беремін және мен үшін зор мүмкіндік болып саналатын осы жекпе-жекке дайындала беремін. Адамдардың 99,9% Головкинді жеңетініме мүлдем сенбейді. Бірақ, ең бастысы, маған сенетін 0,01% адам бар, бұл менің отбасым, әйелім, балаларым. Мен үшін ең бастысы да осы. Менің өз мақсатым, өз арманым бар», - дейді Шеремета.
Головкин мен Шеремета арасындағы жекпе-жек осы жылдың тамызында өтеді деп жоспарланған. Жекпе-жек АҚШ-тың Чикаго қаласында өтуі мүмкін.