Қызылорда мен Түркістанда күн 40-41 градус ыстық болады
Қазгидромет бірнеше облыстың тұрғындарына ескерту жариялады

Бүгін, 31 мамыр күні Қазақстанның бірнеше облысында күн қатты ысыса, басқа бірнеше аймақта күн күркіреп, жауын жауады деген болжам бар.
Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек, 31 мамыр күні Қызылорда облысында 41 градус, Түркістан облысында 40 градус, Қостанай облысында 38 градус ыстық болады. Қостанай облысындағы қатты ыстық 2 маусымға дейін сақталады деп хабарланып отыр. Сонымен қатар, бұл облыстарда жел соғады.
«Қазақстанның батысы мен солтүстік батысында циклонның әсерінен кей жерлерде күн күркіреп, өткінші жаңбыр жауады. Күндіз Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді, Ақтөбе, Қостанай облыстарында күн күркіреуі ықтимал», - деп хабарайлы Қазгидромет.
Қызылорда мен Түркістаннан басқа, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының кейбір жерлерінде де аптап ыстық сақталады.