Қаржы пирамидасын құрып, енесіне премиум санатта үй алып берген адам сотталып кетті
Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар халықтың 490 млн теңгесін қағып алған

Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларын ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкерлер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды.
Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылды. Сонымен қатар, салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 млн теңгеден асты.
Бұдан бөлек, күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елорданың премиум санатындағы құны 69,5 млн теңге тұратын пәтер сатып алып, қайын енесіне ресімдеген. Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген. Дегенмен, тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды.
«Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлемінде шығынды өтеді.
Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және басқару»), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілді», - делінген агенттік хабарламасында.