Қазақстанның бірнеше өңірінде наурыз айынан бастап ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынады
«ҚазАвтоЖол» осыған қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстанда 2025 жылғы 1 наурыздан бастап ауыр жүк көліктеріне уақытша шектеу қойылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 2025 жылғы көктемгі кезеңде уақытша жүрісті шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүрісіне шектеу енгізілетінін хабарлайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шілдедегі №492 бұйрығының 19 тармағына сәйкес, республикалық автожолдарды қысқы мезгілден кейін сақтау мақсатында 2025 жылғы 1 наурыздан бастап 1 сәуірге дейін «бесінші жол климаттық аймаққа» жататын келесі сегіз облыста шектеу енгізіледі:
- Алматы облысы;
- Атырау облысы;
- Жамбыл облысы;
- Ұлытау облысы;
- Қызылорда облысы;
- Маңғыстау облысы;
- Жетісу облысы;
- Түркістан облысы.
Алайда мына автокөліктердің түрлеріне бұл шектеулер қолданылмайды:
- халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына;
- төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын көліктерге;
- гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түліктерді, дәрі-дәрмектерді, жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын көліктерге;
- жол-құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын көліктерге.
«Жүргізушілер мен көлік иелеріне осы ақпаратты маршруттарыңызды жоспарлағанда ескерулеріңізді сұраймыз», - делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.