$ 501.31  520.11  5.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бақылау керек, мұндай балалар бізде көп»: Аймағамбетов 5 жасар баланың бетін тілгілеп тастаған оқиға туралы

Депутат мұндай проблемаларды алдағы уақытта болдырмау жолын айтып берді

«Бақылау керек, мұндай балалар бізде көп»: Аймағамбетов 5 жасар баланың бетін тілгілеп тастаған оқиға туралы
Фото: Facebook/Askhat Aimagambetov

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Асхат Аймағамбетов елордада психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 14 жастағы жасөспірімнің бес жасар баланың бетін тілгілеп тастаған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында мұндай жағдайларға қатысты кешенді шаралар қажет екенін айрықша атап өтті.

«Ең алдымен, қазір қылмыстық іс қозғалды. Оның нәтижесі бойынша жауапты азаматтар жазаланады деп сеніммен айта аламыз. Екіншіден, мұндай жағдайды болдырмас үшін болашақта кешенді шаралар қабылдауымыз керек. Кешенді шаралар – ерте анықтау, бақылау, тиісті қолдау көрсету. Әлбетте, жауапкершілікке тарту керек. Бірақ әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру мәселесін ойлануымыз керек. Себебі, мұндай азаматтар бізде көп. Өкінішке қарай, мұндай балалар бізде аз емес.

Оларды жауапкершілікке тартумен бұл проблеманы шеше алмаймыз. Сол себепті кешенді қолдау мәселесі керек. Олар – мектептердегі психологиялық қызметтердің, сол сияқты денсаулық сақтау саласындағы психиатриялық қызметтердің жұмысы. Жалпы ЖОО-ларда әлеуметтік қызметкерлерді дайындау және олардың жұмысын жетілдіру мәселесін көтеріп жатырмыз», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Мәжілісмен өз сөзінде осы бағытта арнайы заң дайындалып жатқанын тілге тиек етіп өтті.

«Жалпы, біздің заң шығару бойынша жұмыс жоспарымызға психологиялық қызметті жетілдіру бойынша арнайы заң дайындау туралы мақсат қойғанбыз. Қазір осы заңды парламентаризм институтымен қосылып дайындап жатырмыз. Аяқталып қалды. Онда біз осы кешенді шешімдерді ұсынатын боламыз.

Мұндай отбасылар қосымша қолдауды, ақпараттық қолдауды, сүйемелдеуді, басқа да әлеуметтік қолдауды қажет етеді», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, кеше Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінде 14 жастағы жасөспірім лифтіде тұрған 5 жасар балаға шабуыл жасап, қолындағы пышақпен бетін тілгілеп тастаған болатын.

Серіктес жаңалықтары