$ 501.31  520.11  5.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Білімі жоқ психологтар қаптап кетті»: депутат арнайы заңмен тәртіпке келтіру мәселесін көтерді

Ол өз сөзінде пандемиядан кейін психологиялық-психикалық ауытқулар күрт нашарлағанын тілге тиек етті

«Білімі жоқ психологтар қаптап кетті»: депутат арнайы заңмен тәртіпке келтіру мәселесін көтерді
Фото: istockphoto.com

Парламент Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда білімі жоқ психологтар қаптап кеткені туралы мәселе қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол Мәжілістің кулуарында БАҚ өкілдеріне берген пікірінде психологиялық қызметті жетілдіру бойынша арнайы заң дайындалып жатқанын ерекше қозғап өтті.

«Қазір интернет беттерін, әлеуметтік желілерді ашып қарасақ, қаптаған психологтар. Тіпті ешқандай білімі жоқ, ешқандай курстардан да өтпеген азаматтар психологпын деп түрлі кеңестер беріп жатады. Сондықтан оларды мүмкін сертификаттаудан өткізу керек, қандай бақылау жүйесі қажет, қосымша курстар қажет, деген сұрақтарға жауап беруіміз керек», - дейді депутат.

Сөзін жалғай отырып, пандемиядан кейін психологиялық-психикалық ауытқулар күрт нашарлағанын тілге тиек етті.

«Пандемиядан кейінгі зерттеулерге қарасақ, бізде психологиялық-психикалық ауытқулар күрт өсті. Әлеуметтік желілер мен смартфондардың ықпалы бар деген бірнеше жақсы зерттеулер бар. Әсіресе қыз балаларға үлкен кері әсері бар деген зерттеулер бар. Осы туралы әлемдегі топ кітаптардың бірі былтыр шықты. Онда АҚШ-та, Ұлыбританияда психологиялық аурулар қалай күрт өскені туралы ақпараттар бар. Азаматтардың психологиялық денсаулығын қолдау үшін кешенді жұмыс жүргізуіміз керек. Осы мәселе бойынша біз арнайы заң жобасын қарастырып жатырмыз», - деп Асхат Аймағамбетов сөзін қорытындылады.

Серіктес жаңалықтары