БҚО-да экспорт көлемі 6,4 млрд долларға жеткен
Батыс Қазақстан облысының әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады

Орал қаласында өткен облыс активінің жиынында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен алдағы міндеттерін таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылатын шаралар талқыланды.
Экономикалық өсім және инвестициялар
2024 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 4,7%-ға өсіп, 712,9 млрд теңгені құрады.
Өңірлік жалпы өнім 1,9%-ға артып, 3,4 трлн теңгеге жетті.
«2024 жылы экспорт көлемі 6,4 млрд АҚШ долларын құрады, сауда балансы оң нәтиже көрсетті.59 инвестициялық жоба жүзеге асырылады, оның 26-сы биыл іске қосылып, 800 жаңа жұмыс орны ашылады.Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары күшейтіліп, оның өңірлік жалпы өнімдегі үлесін 2028 жылға дейін 40%-ға жеткізу көзделген», - деді Нариман Төреғалиев.
Әлеуметтік сала және денсаулық сақтау
Бөрлі және Казталов аудандарында ауданаралық ауруханалар салынады.
Орал мен Қаратөбе аудандарында төрт денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді.
Жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздарды кәсіптік оқыту және әлеуметтік жобаларға тарту бойынша шаралар күшейтіледі.
Білім беру және инфрақұрылым
2025 жылы 17 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның 7-уінің құрылысы басталды. Бұл шара 8 апатты және 7 үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
2023-2024 жылдары 22 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 3 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.
Облыстық және аудандық маңызы бар 212 шақырым жол жөнделеді, оған 42,2 млрд теңге бөлінеді.
Ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету және «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасын аяқтау тапсырылды.
Жұмысшы мамандықтарды қолдау және кәсіпкерлік
Президент 2024 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағандықтан, өңірде бұл бағытта түрлі шаралар ұйымдастырылады.
«Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС басшысы Валерий Крылов жиын барысында өңірлік бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
«Президент энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым және басқа да маңызды салаларға ерекше көңіл бөлді. Бұл ел экономикасының дамуына ықпал етеді. Біз кәсіпкерлер ретінде барлық бастамаларды қолдаймыз», – деді ол.
Өңірдің даму стратегиясы ауыл шаруашылығы, цифрландыру және ауылдық жерлерді қолдау мәселелерін де қамтиды.