15 жыл далада қонған адам RIXOS-тан бірақ шықты
Бір кездесу өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді
Әлеуметтік желіде қайырымды істерімен танылған кәсіпкер әрі блогер Рысбек Қалмырза 15 жыл бойы көше кезген Батырбек есімді ақсақалды киіндіріп, RIXOS қонақүйінде түнетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнебаянда көшеде қайыр сұрап жүрген кір-қожалақ адамды алдымен жуындырып, кейін дүкенге апарып киіндіргені көрсетілген.
«Мынандай құрметті өмірімде көрмеп едім» деп көзіне жас алған ол қайырымды жігітке алғыс айтты.
Кәсіпкердің қайырымдылық акциясы бұнымен бітіп қалмайды. «Ағаға пәтер алып берейік деп едік, ол жер үйді қалады. Жұма сайын келіп тұратын боламыз, жұмысқа тұрғанша көмектесіп тұрамын» дейді жас жігіт.
Бұл бейнебаянда кәсіпкер оған үйді сатып алып берді ме, әлде уақытша жалға алды ма, ол жағы нақтыланбаған. Қонақүйге қарағанда, бұл оқиға Астанада болғанға ұқсайды.
Желі оқырмандары да қайырымды кәсіпкерге алғыстарын жаудырды.