«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 3,8 миллионға жуық адам қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді.
Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады», — деді ол.
Президенттің сөзінше, бұд акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді.
«Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетпей ме? «Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты. Елді мекендердің тазалығы тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын», — деді Тоқаев.
Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты.
Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді, әрі сыбайлас жемқорлық туралы айтты. Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұдан бөлек екінші, тіпті үшінші АЭС салынуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтып, Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпаратқа нүкте қойды. Сондай-ақ 2024 жылы болған су тасқынына тоқталды және Ақтаудағы ұшақ апаты туралы да айтты. Әрі мемлекет басшысының сыртқы саясатқа баса мән беретінін меңзеп, «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгімеге жауап берді.