$ 526.11  542.31  4.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Саяси сыпайылықты сақтай бермейтін»: Тоқаев сұхбатта Назарбаев туралы не айтты?

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді

«Саяси сыпайылықты сақтай бермейтін»: Тоқаев сұхбатта Назарбаев туралы не айтты?
Фото: Piroschka Van De Wouw / Reuters

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында  тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтып, онымен қаншалықты жиі хабарласып тұратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік инс­титуттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан аза­маттарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет», — деді Тоқаев.

Ол өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шы­найы бағалай алмасақ, алға сенім­мен қадам баса алмай­тынымызды айтты. Оның сөзінше, саяси ахуалдың ықпалы­мен өз тари­хыңды көпе-көрінеу бұр­малай беруге болмайды әрі ел ше­жі­ресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті. 

«Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді. 
Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де ка­бинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын», — деді Тоқаев.

Тоқаевтың сөзінше, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болған. 

«Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді. 
Алайда қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек. Мен Президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа алуға, ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндеттімін.
Сіздің сұрағыңызға келсек, қазір біз шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз», — деді президент.

Журналист  тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгірткенін айтып, мұндай кездесу кімге және не үшін қажет екенін, бұған кім бастамашы болғанын сұрады.

«Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды», — деп жауап берді президент.

Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. 

Серіктес жаңалықтары