Өткен жыл оңай болған жоқ: Тоқаев 2024 жылды қорытындылады
Президент «Ана тілі» газетіне сұхбат берді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 2024 жылдың қорытындыларын айтып, еліміздің әлеуметтік мемлекет екендігін ерекше атап өтті. Ол еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы өткен жылы маңызды оқиғалар мен ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
«Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастады. Оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады», — деді Тоқаев сұхбатта.
Ол 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін айрықша атап өтті. Сонымен қатар былтырғы сұхбатында 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болатынын айтқанын әрі шын мәнінде солай болып шыққанын айтты.
«Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады», — деді президент
Оның сөзінше, қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді.
«Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр», — деді ол.