Елімізде жемқорлық өршіп тұр ма? Тоқаев пікірін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында сыбайлас жемқорлық туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сұхбат барысында журналист қоғамда сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылатынын және оған қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын айтып, шенеуніктердің ұсталғаны туралы түрлі ақпарат елімізде жемқорлық өршіп тұрғандай әсер қалдыратынын жеткізіп, осы туралы президенттің пікірін сұрады
«Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу – аса қажетті жұмыс. Бұған еш күмән жоқ. Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жолында ең озық халықаралық стандарттарды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізіп жатқан талаптарды басшылыққа алады. Бұл – өте жоғары талап, біз соған сай болуымыз керек. Бұған қоса, мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты мекеменің басшыларына науқаншылдыққа салынбай, байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр», — деді президент.
Ол шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы биліктің абыройына белгілі бір деңгейде нұқсан келтіргенімен, мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсететінін, бірақ мұндай қадамсыз «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру мүмкін емес екенін айтты.
Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты. Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді.