Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік: Тоқаев Ресей президентінің сапары туралы айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ресей Президентімен өткізген келіссөздер аса мазмұнды болды. Біз сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, мәдениет, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Астанаға Ресей Үкіметі мүшелерінің жартысына жуығының келуі Ресей үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы жоғары екенін көрсетеді. Келіссөздердің нәтижесі туралы көп жазылды, көп айтылды. Әрине, біраз дүние ақпарат құралдарына шыққан жоқ. Владимир Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік. Бұл кездесуде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік туды», — деді Тоқаев.
Сондай-ақ әңгіме барысында халықаралық проблемалар бойынша өзара түсіністігі бекемделе түскенін атап өтті.
«Мен Қазақстанның көп жақты саясатының мәнін ашық айтып, Ресеймен стратегиялық серіктестігімізді және одақтастық қарым-қатынасты дамыту туралы ұстанымға берік екенімізді жеткіздім. Президент Путин – тәжірибелі мемлекет қайраткері. Ол Қазақстанның ерекшелігін және Орталық Азия аймағындағы ең ірі экономикасы бар маңызды ел екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр», — деді ол.
Президенттің сөзінше, Владимир Путиннің шетелге сапарының ең көбі біздің елге жасалғаны, яғни оның Қазақстанға 33 рет келгені де көп жайттан хабар береді.
«Бұдан бөлек, біз телефон арқылы сөйлесеміз, халықаралық форумдар аясында кездесеміз. Бір сөзбен айтқанда, үнемі хабарласып отырамыз.
Мұның бәрі Қазақстанға да, Ресейге де қажет. Өйткені бұл екі ел басты рөл атқаратын Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін керек», — деді Тоқаев.
Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты. Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді және сыбайлас жемқорлық туралы айтты.