«Жаңа жылды Грозныйда қарсы алмақ болған» - нотариус Гауһар Шаймерденованың артында тағы бір ұлы қалды
Соңғы деректер бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты
Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың бортында болған астаналық нотариус Гауһар Шаймерденова мен оның ұлы Эльдар Жұмағаттың Грозныйға жаңа жылды қарсы алуға аттанғаны белгілі болды. Бұл туралы тележүргізуші Динара Сәтжан Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен Астана нотариаттық палатасының төрайымы Әйгерім Айкешевамен байланыстым. Оның айтуынша, өткен жексенбіде олар нотариустар корпоративінде бірге болған. Гаухар әріптестеріне кіші ұлымен бірге жаңа жылды қарсы алу үшін Грозныйдағы отбасылық достарына ұшып бара жатқанын айтқан. Астанадан Грозныйға тікелей әуе рейсі болмағандықтан олар Баку арқылы ұшқан. Гаухардың Аустралияда оқитын үлкен ұлы енді ғана елге ұшып келгендіктен Астанада қалған. Ал Гаухардың анасы қайғылы оқиға жайлы әлі білмейді. Гауһардың бұрынғы жұбайы мен көмекшісі марқұмдардың денесін алып келу үшін Ақтауға ұшып кеткен»,
- деп жазды журналист.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Әзірбайжанның әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ бортында 67 адам болған. Оның 62-сі – жолаушы, 5-еуі – экипаж мүшелері.
Соңғы деректер бойынша, 38 адам қаза тапты. Олардың ішінде 6 Қазақстан азаматы бар. Қазақстандықтардың арасында астаналық нотариус Гауһар Шаймерденова мен оның ұлы Эльдар Жұмағат болғанын бұған дейін хабарлағанбыз.