Ақтаудағы ұшақ апаты: қаза тапқан тағы бір қазақстандық туралы ақпарат пайда болды
Ол стоматолог болып қызмет атқарған
Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан тағы бір қазақстандық туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаза тапқан Салима Джутаева – Қостанайдың тумасы. ТЖМ ұсынған мәліметке сүйенсек, Қарағанды қаласында тұрған. Мамандығы – стоматолог.
Ал Instagram-дағы парақшасында марқұм Қостанай мен Грозныйда тұратынын көрсеткен. 1995 жылы туған бойжеткен оқырмандарына өзіне саяхатшы-стоматолог деп таныстырған.
Әлеуметтік желіде соңғы рет үш күн бұрын видео жариялап, астына «Сен жаңбырлы күндегі Күнсің» деген жазба қалдырыпты. Желі қолданушылары осы видеоның астында марқұмның жақындарына көңіл айтып жатыр.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтауда Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі ұшақтың бортында 67 адам болған. Оның 62-сі – жолаушы, 5-еуі – экипаж мүшелері.
Ұшақта 6 Қазақстан азаматы болған. Өкінішке қарай, алтауы да қаза тапты.