Арқалық прокурорының орынбасары әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан босатылды
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ
Қостанай облысы прокуратурасының ішкі қауіпсіздік бөлімі Арқалық қаласы прокурорының орынбасары Ернұр Кенжеғаринге қатысты тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Наша газета сайтына сілтеме жасап.
«Тексеру нәтижесінде 2024 жылғы 26 қарашада Кенжеғарин прокуратура органдарынан жұмыстан босатылды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Аталған қызметкер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Әдеп кодексінің 7-бабының 1-ші және 6-шы тармақшаларындағы талаптарды бұзғаны үшін жұмыстан босатылды. Оның қызметтік іс-әрекеті азаматтар тарапынан дұрыс бағаланбай, қызметкердің де, прокуратура органдарының да беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп танылды», – деп мәлімдеді Қостанай облысы прокурорының бірінші орынбасары Бауыржан Бекбосынов.
Кенжеғариннің нақты қандай құқықбұзушылыққа жол бергені туралы ақпарат жарияланбады, себебі қызметтік тергеу құпия болып саналады. Алайда, «НГ» басылымының расталмаған деректеріне сәйкес, оның кінәсі күдіктілерге жазаны жеңіл баптар бойынша алу жолдарын ұсынғаны болуы мүмкін деп болжануда.