Хайуанаттар бағының жағдайы жаға ұстатарлық: Ақтауда жылжымалы зообаққа тексеріс жүргізіледі
Еріктілер жабайы жануарлар мен құстар өте қолайсыз жағдайда тіршілік етіп жатқанын мәлімдеген болатын
Ақтауда 1-ықшам ауданда орналасқан жылжымалы зообаққа қатысты тексеріс жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтау қалалық аумақтық инспекция мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Мамандардың мәліметінше, табиғат қорғау прокуратурасының тапсырмасы мен қоғамдық ұйымдардан түскен өтініш негізінде 2015 жылғы 29 қазандағы №375-V ҚРК «Кәсіпкерлік кодексінің» 144-2-бабы (Бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) барып тексеру арқылы профилактикалық бақылау) бойынша құқықтық статистика органдарына тиісті тіркеу материалдары дайындалуда.
«Аталған ұйым бизнес субъектісі болғандықтан, тексеруді тіркеу міндетті болып табылады. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз», – деп мәлімдеді Ақтау қалалық аумақтық инспекциясы.
Еске сала кетейік, еріктілер жабайы жануарлар мен құстар өте қолайсыз жағдайда тіршілік етіп жатқанын мәлімдеген болатын. Осыдан кейін табиғат қорғау прокуратурасы жануарларды ұстау шарттарын тексеруді тапсырды.