Түркістандық полицей Польшада өткен спорттық сайыстан жүлдемен оралды
Ол 93 келіде жекпе-жектен сайысқа түсті

Польша елінде ерлер мен әйелдер арасында комбат джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті. Аталған жарыстан Қазақстан құрамасының сапында болған жерлесіміз, полицей Сәбит Сүлейменов жүлдемен оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Миколув қаласында өткен Әлем чемпионатында Түркістан облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Сәбит Сүлейменов ІІІ орынды иеленді. Яғни 93 келіде жекпе-жектен сайысқа түсіп, 3 кездесу жасап, қанжығасын қоламен толықтырды.
«Полиция кіші лейтенанты С.Сүлейменов бала кезден спортпен айналысады. Бағындырған белестері де аз емес. Мәселен 2021 жылы әскери самбодан ҚР чемпионатында ІІ орын, 2022 жылы әмбебап жекпе-жектен ІІ орын алған. 2023 жылы Түркі мемлекеттер арасында өткен грэпплинг күресінен І орын иеленген. Ал ағымдағы жылы ҚР чемпионатында комбат джиу-джитсудан ҚР чемпионатында ІІ орын иеленген», - делінген хабарламада.
Одан бөлек Түркістан облысында өткен түрлі жекпе-жектердің бірнеше дүркін чемпионы атанған.