$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сақ стилі»: Ұлттық банк теңге күніне арнап көрме өткізіп жатыр

«Сақ стилі»: Ұлттық банк теңге күніне арнап көрме өткізіп жатыр
Фото: Көрменің ұйымдастырушысы

Алматы қаласында Ұлттық банктің теңге банкноталары мен коллекциялық және инвестициялық монеталарына арналған көрме ашылды. Экспозиция ұлттық валюта – теңге күнін мерекелеуге орайластырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көрме тұжырымдамасында екі тақырыптық экспозиция көзделген – теңге банкноталары мен инвестициялық және коллекциялық монеталары.

Банкноталарға арналған бірінші алаңда олардың тарихы мен жаңадан енгізілген «Сақ стилі» банкнотасымен танысуға болады. Қызығушылық танытқан кез келген адам көрмеде банкноталардың қорғаныш элементтерін айқын тамашалай алады. Екінші алаң инвестициялық және коллекциялық монеталарға арналған. Көрмеде егемендіктің нышаны – ұлттық валютаны насихаттап қана қоймай, банкноталар мен монеталар арқылы тарихи, мәдени құндылықтарды насихаттау көзделіп отыр.     

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин көрменің ашылуында экспозициялардың мақсаты жұртшылықтың ұлттық валютаның тарихы мен «Сақ стилі» банкноталарының жаңа сериясымен, инвестициялық және коллекциялық монеталармен таныстыру екенін айтты.

«Көрменің экспонаттары елдің және оның ұлттық валютасының қалыптасуы мен дамуының негізгі мәдени, саяси және тарихи кезеңдерін қамтиды, сондай - ақ халқымыздың салт-дәстүрлерін бейнелейді», - деді Виталий Тутушкин.

Ұлттық банк қызметкері Әлия Рәбілеваның айтуынша, «Сақ стилі» ұлттық банкноталары ескі сериядағы банкноталарды кезең-кезеңімен алмастырады.

«Ескі сериядағы банкноталар мен қазіргі банкноталар нарықта қатар жүреді. Яғни, ескі банкноталар да заңды түрде төлем құралы саналады. Егер дүкендерде ол қабылданбаса, әкімшілік жауапкершілік бар. Ескі купюраны «Сақ стилі» банкноталарына Ұлттық банк филиалдарында, екінші деңгейлі банктерде және «Қазпошта» филиалдарында алмастыруға болады. Екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» банкнотаны 3 жыл бойы алмастырады. Ал Ұлттық банк бұл қызметті мерзімсіз атқарады», - дейді Ә. Рәбілева.

Маманның айтуынша, халық тарапынан қағаз ақшаларға әлі де сұраныс бар.

«Мәселен, республикалық қалалардың тұрғындары цифрлық ақшаға көшуі мүмкін. Бірақ ауылдық жерде тұратын адамдар мен қариялар көбіне банкноталар мен монеталарды қолданады. Ұлттық банк жыл сайын монеталар мен банкноталарға қатысты есеп тапсырады. Оны банктің ресми сайтынан табуға болады. «Сақ стилінде» 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000, 20 000 номиналды банкноталар бар. Қазір халық арасында номиналы 5 000 және 10 000 теңгелік банкноталар айналымда жүр. Қалғаны 2026 жылға дейін ескі банкноталарды алмастыра береді», - дейді банк қызметкері.   

Ал «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымов осы сериядағы банкноталардың тұжырымдамасы жайында айтып берді.

«Жаңа серияның негізгі мақсаты – ұлттық валютаның қорғаныш дәрежесін арттыру, пайдалануға ыңғайлы ету және Қазақстанның мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеу. 2023 жылдан бастап бірінші бес мыңдық банкнотаны егіздік. Биыл 10 мыңдық шықты. Жыл соңына дейін 2 мыңдық банкнотаны басып шығаруды жоспарлап отырмыз. Келесі банкноталар 2025-2026 жылдары басылып шығады», - деді Нұрқасымов.    

Өз кезегінде Ұлттық банктің бас дизайнері Алмат Бәсенов инвестициялық және мерейтойлық монеталардың дизайнын ойластырады. Оның айтуынша, тақырыптар әртүрлі  және коллекциялық монеталар сатылымда бар.

«Қазіргі коллекциялық монеталарды белгілі бір үндеу деп те айтуға болады. Біз отандық және шетелдік коллекционер азаматтарға нені көрсеткіміз келеді? Көбіне біз монеталарда өзіміздің ұлттық брендімізді бейнелейміз. Қазақстанның мәдениеті мен тарихын әлемге паш етеміз. Сондықтан да көп жағдайда монетелар коллекция ретінде ғана емес, танымдық зат ретінде де қызмет етеді. Әлем бір орында тұрмайды. Қазір жаһандық нарықта технологиялар қарқынды дамып, бәсекелестік күшейіп жатыр. Біз де одан қалыспауға тырысамыз. Тіпті, кей жағдайларда ұтамыз да. Бұл кейде мың жылдық тарихы бар монета сарайларының қолынан келе бермейді. Ал біздің 31 жылдық тарихымыз ғана бар», - дейді А. Басенов.

Бас дизайнердің айтуынша, ұлттық банктің монета өндірудегі танталды қолдану әдісі – банктің ноу-хау технологиясы. Оны әлемде ешкім қолданбайды.

«Былтыр біз BALQASH ALABUǴASY монетасын шығардық. Оның 17 мм болатын қырлары болды. Мұндай монетаны әлемде ешкім шығармаған. Ұлттық банктегі жүйе бойынша біз тақырыптарды алдағы екі жылға әзірлеп қоямыз. Сол жоспар бойынша жүреміз. Тарихта ең көп дегенде бір жылда 37 монетаның түрі жасалды. Көлем өте ауқымды. Шыққан монеталарды Ұлттық банктің сайтынан көріп, банктің интернет-дүкенінен алуға болады. Олар сатылымда бар. Алайда 5-10 жыл бұрын шыққан монеталар жоқ. Олардың бағалары да әртүрлі. Мысалы, «тамғалы петроглифтері» күміс монеталары айналымға шыққанда 2700 теңге болса, қазір олардың бағасы 300 мыңнан басталады. Ал бағаның шарықтау кезінде бұл монетаның бағасы 6 мың долларға дейін жетті», - дейді Алмат Басенов.

Еске салайық, көрме 22 қарашаға дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары