Армения мен Әзербайжан жақында бейбіт келісімге қол қоюы мүмкін
Бұл туралы Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі хабарлады
Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге қол қоюға жақын тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Германия канцлері Олаф Шольцпен әңгіме барысында тараптардың бейбіт келісімнің мәтінін келісуге жақын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздер Бакуде өтетін БҰҰ COP29 климаттық конференциясынан кейін жалғасады. Бұл туралы Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Әзербайжан нақты тұжырымдалған принциптерге негізделген Армениямен бейбіт келісімнің бастамашысы болып отыр. Армения Конституциясында бекітілген аумақтық талаптарын сақтап отырғанына қарамастан, тараптар айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Армения тарапынан құжат мәтіні бойынша ұсыныстардың кешіктірілуі үдерісті баяулатқанымен, қазіргі уақытта біз түпкілікті келісімге жақындап қалдық», — делінген хабарламада.
Олаф Шольц Германияның екі елдің бейбітшілікке деген ұмтылысын қолдайтынын және тараптардың шешуші қадамдарға баруының маңызды екенін атап өтті.