Астанада полицейлер кабель ұрлаған қылмыстық топты анықтады
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Күдіктілер кабельді ұрлау үшін кәріз люктері арқылы жер асты құдықтарына кіріп отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Астанада полицейлер кабель ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Тұрақты түрде әрекет еткен үш адамнан тұратын қылмыстық топ анықталды. Қылмыскерлер негізінен түнгі уақытта жер асты құдықтарына кәріз люктері арқылы кіріп, мыс кабельдерді ұрлаған. Олар бұл әрекеттерін алдын ала мұқият жоспарлап, әрқайсысы өз алгоритмі бойынша жұмыс істеген», — делінген хабарламада.
Полицейлер ұрланған заттарды сату орнына тінту жүргізіп, жеті қап тазаланған мыс кабель өнімдерін және үш радиостанцияны тапты. Сонымен қатар сатып алушыдан электронды және механикалық таразылар тәркіленді.
Қылмыстық топтың барлық мүшелері өз кінәларын мойындап, кабель ұрлығына, оның ішінде трансформаторлық қосалқы станциядан мыс шиналарды ұрлау бойынша бес эпизодқа қатысы барын растады.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.