315 млн теңге шығын келтірген: утильалымнан босатқан ХҚО қызметкерлері ұсталды
Олар 33 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеуден өткізген
Қарағанды облысында бір топ адамның жүк көліктерін заңсыз бастапқы тіркеу фактісі анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
ХҚО қызметкерлері көліктердің бастапқы тіркеу алымы мен утилизациялық алымды төлеуден босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк көлік құралдарының VIN-кодтары бойынша көрінеу жалған деректерді енгізгені анықталды.
Осылайша, олар 33 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеуден өткізген. Жергілікті бюджетке 315 млн теңгеден астам сомаға төлемдер түспеген.
«Күдіктілер – мамандандырылған ХҚО-ның бұрынғы басшысы және ХҚО басшысының орынбасары ұсталды, сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Күдіктілердің мүлкіне 42 млн теңге көлемінде тыйым салынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Ақмола, Қостанай, Алматы, Павлодар облыстарында алымдарды төлемей жалған төлем құжаттары бойынша көлік құралдарын жаппай бастапқы тіркеу фактілері анықталды.