42 500 теңгеге өтініш қашанға дейін қабылданады – министрдің жауабы
16-шы сәуірге дейін 3 млн 735 мың адам өтініш берген

42 500 теңгені 11 мамырға дейін өтініш тапсырғандар ғана ала алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің сөзінше, 5-6 мамыр күндері 2 млн-ға жуық адамға төлем рәсімделген.
«Бұл төлем қалғандарына да берілетін болады. 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталды, сондықтан бүгіннен бастап 42 500 теңгеге қатысты өтініштерді қабылдауды тоқтатамыз. Ал 11 мамырға дейінгі өткізілген өтініштер міндетті түрде қаралып, ережеге сәйкес болса тағайындалып, төленетін болады», - дейді ол.
42500 теңгені алуға 16-шы сәуірге дейін 3 млн 735 мың адам өтініш берген.
«42 500 теңге төлем - төтенше жағдай режиміндегі шектеулерге қатысты жұмыс істеп жүрген азаматтардың табысынан, жалақысынан айырылған жағдайда төленеді. Осы күнге дейін барлығы 4 млн 539 мың адамға осы төлем тағайындалып, төленді. Оның жалпы сомасы 193 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде осы төтенше жағдайдың бірінші айында, яғни 16 сәуірге дейін 3 млн 735 мың адам өтініш берген. Осы адамдар екінші айға да төлем алуға құқылы. Мамыр айының басында ол төлемдерді іске асыра бастадық», - деді Нұрымбетов.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан