Нидерландтық азамат 3500 шақырымды жалаңаяқ жүріп, әлемдік рекорд орнатты
Ол өзінің мұндай әрекетімен ерлердің психикалық денсаулығы мәселесіне назар аудартуды көздейді
37 жастағы нидерландтық соғыс ардагері және Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушы Антон Нотенбом жаңа әлемдік рекорд орнатып, 175 күн ішінде жалаңаяқ 3450 шақырым жол жүріп өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy NL Times-қа сілтеме жасап.
Оның қанша уақыт жаяу жүріп, қанша уақыт демалғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен, Нотенбом осы жорығын Brave Men Talk қайырымдылық ұйымына арнап, күн сайын шамамен 12 миль (19,3 км) жолды еңсеріп отырғаны туралы хабарланған.
Рекорд 11 тамыз күні жергілікті уақытпен 15:00-де Миссури штатының Сент-Луис қаласында орнатылды. Нотенбом Instagram желісінде бұл жаңа Гиннесс рекорды екенін жазған, алайда Гиннестің ресми сайтында бұл жетістік әлі тіркелмеген.
Бұған дейінгі ең ұзақ жалаңаяқ жүрілген сапардың рекорды поляк Павел Дуракевичке тиесілі болатын – ол Франция мен Испанияда 3409,75 км жол жүріп өткен.
Антон Нотенбом өз сапарын 17 ақпанда Калифорния штатындағы Санта-Моника жағажайынан бастаған және оны әлі аяқтаған жоқ. Бастапқы мақсаты – Лос-Анджелестен Нью-Йоркке, АҚШ-тың батыс жағалауынан шығыс жағалауына дейін жаяу жету. Қазір оған 1700 км жол жүру қажет, ол Таймс-скверге 2 қарашада жетуді жоспарлап отыр.
Нотенбомның өкілдерінің айтуынша, ол әбден шаршаған және ыстық жолдардан қатты зардап шегуде. Қазіргі уақытта оның маршруты бойынша күндізгі ауа температурасы орта есеппен 35 градусқа жетеді. Алты ай ішінде ол 13 штаттан өткен.
Сапар барысында Нотенбом еріктілерден 18,7 мың еуродан астам қаражат жинады. Ақша ерлердің психикалық денсаулығымен айналысатын ұйымдарға бағытталды.
Бұрынғы әскери қызметкер Антон Нотенбом 2019 жылы депрессиядан кейін жаяу жүруді бастаған. Осылайша, ол ерлердің психикалық денсаулығы мәселесіне назар аудартуды көздейді. Оның пікірінше, жалаңаяқ жүру – «өз-өзіне қамқорлық жасау формасы».