БҚО-дағы жағдай: «AMANAT» партиясының көмегімен 13 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Гуманитарлық көмек тікелей тікұшақпен жеткізілетін болады

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету жұмысы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев аймақтағы ахуалдан хабардар етті.
«Бірнеше күннен бері ағын судан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақтан гуманитарлық көмек жіберіліп жатқаны белгілі. «AMANAT» партиясы алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Бұл гуманитарлық көмек әлі жалғасуда.
Партияластар болып тасқын судан ең көп тұрғындар зардап шеккен Қаратөбе ауданы Үшана, Сулыкөл және Теректі ауданы Подстепное ауылының эвапунктеріне қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек, шаруашылық заттары, киім-кешек (жылы киімдер, балаларға арналған жөргектер, ересектерге арналған базалық іш киімдер, нәски т.б), резеңке етіктер, бір реттік қолдануға арналған ыдыстар жиналды», - деп жазды Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, жалпы партияластардың көмегімен күні бүгінге дейін 13 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жіберілген.
Ал Үшана және Сулыкөл ауылдарының тұрғындары арналған гуманитарлық көмек тікелей тікұшақпен жеткізілетін болады.
«AMANAT» партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі Нұргүл Әжібайқызы өңірдегі Қаратөбе ауданындағы жағдайдан хабардар етті.
«Қаратөбе ауданының Саралжын ауылы – күні кеше түгел суға кеткен Аққозы ауылымен көршілес,арақашықтығы 30 ақ шақырым тұратын елді мекен.
Тасқын су келіп бастаған күннен бастап Саралжын ауылының, осы ауылға қарасты бірінші және екінші бөлімше азаматтары, үлкені бар, кішісі бар қолдарындағы бар техникаларымен, құрал саймандарымен бір кісідей жұмылып, күні-түні кезекшілікте болып, ауылдарды тасқын судан аман алып қалды», - деді фракция мүшесі.
Сөзін жалғай отырып, осындай қиын-қыстау кезеңде ауызбіршілік танытқандарға алғыс білдірді.
«Дабыл қағып, ешкімге міндетсінбей, біздегі жағдай шүкір ғой, барымызбен өзіміз қамданайық деген ауызбірліктеріңізден, азаматтықтарыңыздан айналдым. Ауылдағы ағаларым, жезделерім мен інілерім,елім-жерім деп атқа қонған азаматтар Алла тағаладан амандықтарыңызды тіледім.
Күні-түні көз ілмей кезекшілікте жүрген азаматтарды, ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, жағдайларын жасап отырған апа-жеңге, сіңілілерді де айтпай кетуге болмайды. Осындай ауызбірліктері мол жерлестеріммен мақтананамын. Күш бірлікте деген осы. Алла елімізді айтып келмейтін апаттан сақтасын!» - деді Нұргүл Әжібайқызы Facebook парақшасында.