«Төрт ауылмен байланыс тоқтады»: Ақмола облысындағы қазіргі ахуал қандай?
Тұрғындарды көшіру үшін жедел-құтқару жасағының тұрақты бекеті ұйымдастырылды

Ақмола облысында су тасқынына байланысты қандай шаруалар атқарылып жатыр? «AMANAT» партиясының өңірлік филиалының төрағасы Берген Беспалинов Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, бөгетті инертті материалмен нығайту үшін Жамбыл облысы бойынша ТЖ департаментінің қызметкерлері көмекке келді.
«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары түрлі көмек көрсетіп жатыр. Г. Саханов бөгетте жұмыс істейтіндерге ыстық тамақ ұйымдастырды. Ал У. Шоназаров 5000 дана қаппен қамтамасыз етті.
Қошқар өзені арқылы өтетін көпір құрылысының аяқталмауына байланысты 4 ауылдың тұрғындарының аудан орталығымен байланысы уақытша тоқтады. Тұрғындарды көшіру үшін жедел-құтқару жасағының тұрақты бекеті ұйымдастырылды», - деп жазды партияның облыстық филиалының төрағасы Facebook парақшасында.
Өз кезегінде партияның мүшесі Айдын Төребаев су тасқыны уақытындағы төрт түлікке қатысты мәселе қалай шешіліп жатқанын мәлім етті.
«Су апатымен күресте Ақмола облысының ветеринария басқармасының басшысы Талғат Тоқабайұлымен күрделі мәселені талқылап шешуге келдік. Ол – Тайтөбеде ветеренария бекетін ашу мәселесі. Ірі қара мал 400 бастан астам, сол сияқты 1000 жылқы, 700 қой бар. Оның үстіне қаңғыған иттер мекенді басуда.
Талғат Тоқабайұлы көзқарасы оң түсінушілікпен, маманды орналастыратын жер болса бекет ашуға дайын. Аман-есен осы су тасқынынан шықсақ бекетпен айналысамыз», - деді Айдын Төребаев Facebook парақшасында.