Атырау облысының үш ауданында жағдай күрделі – Үкімет
5 сәуірден бастап қауіпті аймақтан 15 632 адам эвакуацияланды

Су тасқыны жөніндегі штаб бойынша Қанат Бозымбаев Атырау облысында ТЖ жою жөніндегі жұмысты үйлестіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев қазір – Атырау облысында. Бұл туралы Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Вице-премьер Ақтөбе облысымен шекара аумағын тікұшақпен айналып өтті. Жем өзеніндегі зақымдалған бөгеттің жағдайына баға берді.
«Өңірдегі дайындық режимі – жоғары деңгейде, ТЖ жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. 6 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау облысының үш ауданында күрделі су тасқыны жағдайы сақталуда, 2 елді мекенге көлікпен қатынау мүмкін емес.
Құлсары қаласында 2,6 мың жеке тұрғын үй мен әкімшілік ғимарат су астында қалып, 5 сәуірден бастап қауіпті аймақтан 15 632 адам шығарылды. Халықты эвакуациялау жалғасуда.
Қазіргі уақытта жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жалғасуда, топырақ толтырылған 45,9 мың қапшық, 174,3 мың тонна инертті материал төселді.
Әкімдік пен күштік құрылымдардың 600-ге жуық қызметкері, 148 техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды», - делінген Үкімет хабарламасында.
Ал 5 елді мекенде – Миялы, Жангелдин, Көздіқара ауылдық округтері, Аққора, Жасқайрат ауылдарында қауіп-қатер сейілді.