Қайрат Сатыбалдыұлыға қатысты басты сот талқылауы өтетін күн белгіленді

Azattyq Rýhy

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс келіп түсті

Қайрат Сатыбалдыұлыға қатысты басты сот талқылауы өтетін күн белгіленді
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy

Қайрат Сатыбалдыұлыға қатысты іс бойынша басты сот талқылауының күні белгіленді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, сотқа Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс келіп түсті.

«Оған қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды (жылыстатты) деген айып тағылды (ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы).

Басты сот талқылауы 2024 жылғы 1 сәуір сағат 10.00-ге тағайындалды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелекомның» қаражатын жымқыру ісі бойынша ұсталған. Кәсіпкер салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істер қосымша тергеліп жатқаны хабарланды.

Кейін Қайрат Сатыбалдыұлы кінәсін мойындап, ондаған миллиард теңгенің мүліктік залалын өтеді.

2022 жылдың қыркүйегінде Астанада кәсіпкерге қатысты сот өтті, онда ол кінәлі деп танылды. Сатыбалдыұлы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Өскемен қаласының маңында орналасқан №22 мекемеге жазасын өтеуге жіберілді.

2023 жылдың желтоқсанында Сатыбалдыұлының шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқаны туралы хабарланды. Сол кезде құқық қорғау органдары Қайрат Сатыбалдыұлының 120 млн доллар көлеміндегі ақшалай қаражатын қайтарғаны белгілі болды.

Бұдан басқа, осы жылдың қаңтар айында мемлекетке Қайрат Сатыбалдыұлының ұлына тиесілі «Байсат» базарының бір бөлігі қайтарылды.

Жыл басында Сатыбалдыұлы бойынша жаңа істің сотқа берілгені белгілі болды. Сондай-ақ, Сатыбалдыұлының мемлекетке қайтарған активтерінің сомасы ондаған миллиардқа өскені белгілі болды. Атап айтқанда, Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты істі тергеу аясында 732,8 миллиард теңге қайтарылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.