Қайрат Сатыбалды 6 жылға сотталды
Ол осы жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын
Бүгін, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі №2 соты Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының ісін қарап аяқтады.
Алдыңғы сот отырыстарында прокурор Жангелді Есебаев Қайрат Сатыбалдының мүлкін тәркілеп, 10 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салумен алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Айыпталушының мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салумен қатар, қауіпсіздігі орташа колонияда 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Президентке Сатыбалдыұлын Ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры атағынан, сондай-ақ «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін», - деді прокурор Жангелді Есебаев.
Бүгін сот Қ.Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.
«Қазақстан Республикасының атымен Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыны бірінші бап бойынша 6 жылға, екінші бап бойынша 2 жылға, барлығын қосқанда мүлкін тәркілей отырып 6 жылға соттады», - деді сот.
Сондай-ақ, сот Қайрат Сатыбалдыны мемлекеттік қызметте, Ұлттық Банкте, мемлекеттің үлесі бар ұлттық компанияларда жұмыс істеуге тыйым салды.
Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты «Қазақтелеком» АҚ мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтағанын хабарлаған еді.
Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылдың 13 наурызында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.