Қайрат Сатыбалды иеленген тағы 120 млн доллар Қазақстанға қайтарылды

Azattyq Rýhy

Соңғы 2 жылда 912 млрд теңгеден астам активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды

Қайрат Сатыбалды иеленген тағы 120 млн доллар Қазақстанға қайтарылды
Фото: sputnik.kz

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Тек биылдың желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қайрат Сатыбалдыұлының жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларына, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын ақшалай қаражатын қайтаруды қамтамасыз етті», - делінген агенттік хабарламасында.

Көрсетілген қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке жіберілді.

«Осылайша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз етті», - делінген хабарламада.

Бұрын айтылғандай, олардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен ақша қаражаттары, соның ішінде шетелден алынған қаражаттар кіреді.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.