Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуы туралы пікір білдірді
Ереваннан ұйымға мүшелікті тоқтата тұру туралы ешқандай ресми мәлімдеме келмеген
Армения дәл қазір ұйымның жұмысына араласпаса да, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше болуды тоқтата тұру туралы ресми шешім шығармаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі ТАСС-қа сілтеме беріп.
«Ереван кейінгі кездері ҰҚШҰ хатшылығының жұмысына қатысқан жоқ. Бұл Арменияның дәл қазіргі сәттегі шешімі және біз халықаралық ұйым ретінде егемен мемлекеттің кез келген шешімін құрметтейміз. Оған қарамастан ұйымның қызметі толық көлемде жалғасуда, барлық іс-шара ҰҚШҰ нормативтік базасына сәйкес жүреді», - деді ұйымның Бас хатшысы.
Тасмағамбетовтің айтуынша, Ереваннан ұйымға мүшелікті тоқтата тұру туралы ешқандай ресми мәлімдеме келмеген.
«Қабылданып жатқан және қабылданған шешімдер туралы Хатшылық Еревандағы тиісті құрылымдарды жұмыс режимінде хабардар етеді. Армения Республикасынан ұйымға мүшелікті тоқтата тұру туралы ешқандай ресми мәлімдеме түспегенін атап өтемін», - деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.
Айта кетсек, Армения премьер-министрі Никол Пашинян France 24 телеарнасына берген сұхбатында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген болатын.