Оралда заңсыз темекі өнімдерін 94 млн теңгеге сатқан тұрғын сотталды
Сот оны қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды
Орал тұрғыны екі өлшемді цифрлық таңбасы жоқ шетелде өндірілген темекі өнімдерін қомақты сомаға сатқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Осы факті бойынша тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаменті аяқтады.
«Заңсыз темекі өнімдерінің жалпы саны 94 млн теңгеден асатын 136 мыңнан астам қорапты құрады. Аталған азамат 2023 жылдың мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктері мен Германияда өндірілген екі өлшемді цифрлық белгісі жоқ түрлі маркадағы темекі өнімдерін сатып алғаны анықталды», - делінген агенттік хабарламасында.
Бұл ретте ол екі өлшемді цифрлық таңбасы жоқ темекі өнімдерінің айналымына тыйым салатын «Темекі бұйымдарын өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңының және Салық кодексін бұза отырып, аталған өнімдерді Орал қаласындағы әртүрлі сауда орындарында өткізген.
Сот оны қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті, ал «темекі» заттай айғақтары мемлекет кірісіне айналдырылды.