$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.10.2019, 15:43
Жаңалықтар

Петропавл қоқыстың астында қалуы мүмкін

Тұрмыстық қалдықтар полигоны жабылып, коммуналдық қызмет мамандары қаладан шыққан қоқысты қайда жіберетінін білмей отыр

Петропавл қоқыстың астында қалуы мүмкін

Петропавлда тұрмыстық қалдықтар полигоны жабылды. Коммуналдық қызмет мамандары  қаладан шыққан қоқысты қайда жіберетінін білмей абдырап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қалада қоқыс тасымалымен айналысатын бірнеше коммуналдық мекеме бар. Талап Нұрсепов солардың бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол полигонға күніне 3 рет қатынайтынын айтады. Кеше күзетшілер нысанға жүк көліктерін кіргізбей қойыпты. 

Әр шаруашылықтың техникасы мен тиісті аумағы бар. Экологтар коммуналдық қызмет өкілдерінен қоқысты іріктеп әкелуді талап етіп отыр. Қалада пластик, қағаз, шыны сынды тағы басқа қалдықтарды іріктеп салуға арналған контейнерлер жоқтың қасы. Қоқыстың барлығы полиэтилен пакеттерге салынады. Бұл жағдайды тіпті ушықтырып отыр.

«Қоқысты сұрыптау керектігімен келісемін. Бірақ бізде ондай мәдениет қалыптаспаған. Айыппұл сынды тағы басқа жазалау шараларынсыз болмайды. Оған уақыт керек. Ал қоқыс қала ішінде күтіп тұрмайды. Санаулы күндерде тұрмыстық қалдықтардың астында қаламыз», - дейді «Мюль-Сервис» коммуналдық мекемесінің маманы Лариса Пономарева.

Полиэтилен пакеттер күннің сәулесінен өздігінен тұтанып, жиі өрт болады. Түтіннің барлығы қалаға келеді. Тұрғындар да осы мәселеге жиі шағымданады. Сондықтан экологтар полигонды жабуға мәжбүр болғандарын айтуда.

«Заң бойынша тұрмыстық қалдықтар полигонына қағаз, шыны, полиэтилен, пластик қалдықтарын тастауға болмайды. Талап сақталмағандықтан өрт фактілері жиіледі. Бұл тек қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да зиянын тигізіп жатыр. Бізде бұдан басқа амал жоқ», - дейді, СҚО экология департаменті басшысының м.а Азамат Бектасов.

Қала сыртындағы тұрмыстық қалдықтар полигонына күніне 120 тонна қоқыс жөнелтіледі. Жуық арада мәселе шешілмесе тұрғындар қоқыстан көз аша алмай қалатыны анық.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары