Батыс Қазақстанда маңызды күрежолдар жаңаруда
«Подстепное-Елек» республикалық маңызы бар трассасын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр
Кешенді жоспар шеңберінде іске асып жатқан «Подстепное-Елек» республикалық маңызы бар трассасын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданы тұрғындарымен кездесуде айтып өтті. Өңір басшысы Бөрлі ауданына жұмыс сапарында Мемлекет басшысының Жолдауы шеңберінде аткарылған жұмыстарды бағамдап, алдағы жоспарларды нақтылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов қазыналы мекен үшін күре жол, қоғамдык көлік, инженерлік инфрақұрылымдардың тозуы, маман тапшылығы өзекті екенін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 процентін жақсарту» жөнінде берген тапсырмасын орындау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта кешенді жоспар шеңберінде іске асып жатқан «Подстепное-Елек» республикалык маңызы бар трассасын қайта жаңарту жобасын айтып өтті. Қазіргі уақытта 108-144 шақырым жол учаскесінде кайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Осы учаскедегі жұмыстарды аяқтау 2024 жылға жоспарланған. Жобаның құны – 17 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 36-72 және 72-108 шақырым жолдың 2 учаскесін кайта жаңарту үшін мердігер анықтау мақсатында КПО б.в. компаниясы тарапынан конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
«Жыл басынан бергі Бөрлі ауданының бюджеті 13,4 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда ауданда 38 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асуда. Шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық климатты жақсарту және аудан экономикасына жеке инвестицияларды тарту – басты бағыттарының бірі. Аудан экономикасына жеке инвестициялар өсімінің оң серпіні байқалуда. Қазіргі таңда жалпы суммасы 21,0 млрд теңгеге жуық 28 жеке инвестициялық жоба іске асырылуда, соның ішінде 8 жоба аяқталып, 1 жобаны аяқтау жылдың соңына жоспарланды. Құрылыс монтаждау кезінде 459 уақытша жұмыс орны құрылса, жобалар іске қосылғаннан кейін 300-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады. Шағын және орта бизнестің әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды рөл атқаратыны баршаға мәлім. ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар саны 13 382 адамды құрап отыр, бұл ауданның барлық белсенді халқының 41 пайызы», – дейді Еркебұлан Ихсанов.
Бөрлі ауданында бүгінде 4672 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс атқарады. Оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер саны – 807, жеке кәсіпкерлер – 3585, шаруа қожалықтары – 280. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында субсидиялау және кепілдендіру тетігі шеңберінде жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге 79 жоба мақұлданған. Ұлттық жоба аясында асыл тұқымды жүйрік жылқыларға қызмет көрсету бойынша жылқы ветеринариясын салуды іске асыру мақсатында жеке кәсіпкер Анаргүл Дүйсекенова 4 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алыпты.
Экономиканың маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығында да ілгерілеу бар. Бөрліде 280 шаруа қожалығы, 28 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 3 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс атқарады. Биыл егістік алқап 64 мың гектарды құраған. Жыл басынан «Қарашығанақ» несие серіктестігі» арқылы 5 пайыздық «Кең дала», 22 пайыздық «Агро Бизнес»-пен «Агро Бизнес ВПР» және 6 пайыздық «Іскер» бағдарламалары бойынша 13 жеке және заңды тұлға ауылшаруалығы саласын дамыту мақсатында жалпы сомасы 247 млн теңге несие алған. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында іске асырылып отырған «Ауыл аманаты» пилоттық бағдарламасына Бөрлі ауданы бойынша 13 ауылдық округ және Ақсай қаласының Аралтал, Қызылтал шағынаудандарының тұрғындары қатысқан. Қазіргі уақытта 34 адамға 256,8 млн теңге несие берілген.
Өңірдің агроөндірістік кешенін дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру ережесі құрылған болатын. Аталған жобаға Бөрлі ауданының Пугачев ауылында орналасқан «Amanat» шаруа қожалығы қатысуға ниет білдіріп, жобасының іске асуына тиісті материалдық базасын нығайтып келеді. Жоба жүзеге асқан уақытта сүтті тауарлы фермасы бойынша 15 тұрақты жаңа жұмыс орны және өңдеу цехінің жанында 10 тұрақты жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Сонымен қатар, облыс нарығына орташа есеппен 4,5 мың тонна сапалы өнім шығару жоспарланып отыр.
Осы ретте Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов жобаның маңыздылығын ескере отырып, облыс басшысы Нариман Төреғалиевтен «Amanat» шаруа қожалығына аталған бағдарлама аясында осы жобаны жүзеге асыруға қажетті 1 млрд 41 млн теңге көлемінде арзандатылған несиемен қаражат бөлуге қолдау көрсетуді сұрады.
Бүгінде аудан халқының саны 58 076 адамды құрайды, оның ішінде экономикалық белсенділері – 32 973 адам, жұмыссыздар – 845, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 116 отбасын құрайды. 1053 жұмыссыз адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.
«Бөрлі ауданында мұнай газ кен орындарының шоғырлануына байланысты әлеуметтік және ауылшаруашылық салаларындағы мамандардың тапшылығы сезілуде. Бүгінгі таңда аудандық ауруханаға 28 дәрігер және 37 орта медициналық қызметкерлер қажет. Аталған мәселені шешу және аудан тұрғындарына көрсетілетін медицинаның сапасын көтеру үшін жыл сайын медицина академияларының түлектерімен кездесулер жүргізіп, ауданға шақырудамыз. Жылдың басынан аудандық ауруханаға қызмет атқаруға 19 жаңа дәрігер келсе, бесеуі жас маман. Жұмысқа келген дәрігерлерге жалдамалы пәтер берілді», – деген аудан әкімі білім беру саласына қарасты мекемелерде де кадрлар тапшылығы өзекті екенін атап өтті.
Аудан бойынша жалпы орта білім беретін мектептерге 119 педагог жетіспесе, мектепке дейінгі ұйымдарға 21 тәрбиеші қажет. Кадр тапшылығын жою мақсатында жыл басынан «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының аясында 7 маманға 36 млн теңге тұрғын үй алуға бюджеттік несие берілген. Ақсай қаласы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына кірмеуіне байланысты, қалада жұмыс жасайтын мамандардың тұрғын үйге мұқтаждығын жою мақсатында қалада 1 бөлмелі 120 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптама әзірленген.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Көптің көкейінде жүрген «Подстепное-Ресей Федерациясы шекарасы» республикалық жолының қайта жаңғырту жобасына тоқталып, жалпы облыс көлемінде жол салу мәселесінің өзектілігін айтып өтті. Облыс басшысының сөзінше, өңірде ауыз сумен қамту 94 пайызға, көгілдір отынмен қамту 99 пайызға жеткен. Ендігі мәселе ауданаралық, ауыларалық жолдарды жөндеу. Электр желілерін жаңарту да кезек күттірмейтін мәселе. Кездесу соңында аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтарды қабылдап, мәселелеріне құлақ асты.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА