$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО әкімі Шыңғырлау ауданының тұрғындарымен кездесті

Кездесуде  аудан әкімі Мұрат  Өмірәлиев атқарылған жұмыстарды тізбектеді

БҚО әкімі Шыңғырлау ауданының тұрғындарымен кездесті

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Шыңғырлау ауданында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Алдымен жолшыбай Амангелді ауылына аялдап, жеке кәсіпкер Ілияс Хайрушиннің  «Аруман»  жылыжай кешенінің жайымен танысты.

2018 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкер іргедегі Шыңғырлау ауданының орталығы мен Ақсай қаласын көкөніспен қамтып отыр. Бүгінде екі жылыжайдан қияр өсіріп, жаздық жаңа жылыжай құрылысын да бастаған. Жылыжайдың жай-күйіне қанығып, алынып жүрген өнім шамасын бағамдаған өңір басшысы  өнімнің қазіргі бағасын да назарға алды. Құрылысы басталған үшінші жылжай орнымен де танысқан облыс әкімі кәсіпкерге сәттілік тілеп, Ащысай ауылына бұрылды.

Облыс басшысы Ащысай ауылының Мырзағара елді мекенінде орналасқан «CHINGIRLAU MILK» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің бүгінгі ахуалымен танысты. Ірі қара малды асылдандыруға басымдық берген шаруашылық сүт өндіруді де көлемді өндірістік бағытқа айналдыруды көздеп отыр.

Одан соң облыс басшысы аудан тұрғындарымен кездесті. Ащысай ауылында өткен кездесуде  Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат  Өмірәлиев атқарылған жұмыстарды тізбектеді.

БҚО-дағы Шыңғырлау ауданы  – шағын және орта бизнестің дамуына потенциалы жоғары аудандардың бірі. Өйткені ауданнан төрт бағытта, яғни Ақсай, Ақтөбе қалаларына, көршілес Ресей Федерациясына, республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолына шығуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, темір жолдың да септігі орасан зор екендігі сөзсіз.  Қазіргі таңда аудан аумағына – 8 ауылдық округ, 25 елді мекен кіреді. Жалпы тұрғындар саны –13 мың 906 адамды құрап отыр.  Ауданда негізінен көгілдір отын, ұялы байланыс, жарықтандыру сияқты негізгі мәселелер оңды шешімін тапқан. 

«Жалпы аудан бойынша қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында 559 шаруа қожалық пен жеке кәсіпкер, 12 жауапкершілік шектеулі серіктестігі және 22 өндіріс кооперативі жұмыс жасауда. Соның ішінде 31 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Жыл басынан жаңадан 36 қожалық ашылып, оларға пайдалануға берілген жер учаскелердің көлемі – 15  мың 717 гектарды құрайды, соның ішінде 4 мың 400 гектар егістік алқап, 11 мың 165 гектар жайылым, 152 гектар шабындық жерлер. Ауданда 32 шаруа қожалығы 21 мың гектар жерді өз еркімен ауданның арнайы жер қорының құрамына қайтарды. Аудан тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Бүгінде ауданда мал басының өсімінде айтарлықтай өзгерістер бар. Аудан бойынша мал тұқымын асылдандыру бағытында мемлекет тарапынан жыл басынан 160 шаруа қожалығына  444  млн  379 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Ал, жаңа техника сатып алу үшін субсидиякөлемі – 149 млн 900 мың теңгені құрады.   Қазіргі таңда ауданда 145 мың тонна қысқы мал азығы дайындалып, жоспар 115 пайызға орындалған. 1 бума шөптің орташа бағасы – 4 мың теңгені құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударуда. Бұл бағытта аудан бойынша «Ауыл Аманаты» бағдарламасы негізінде  жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар бұл бағдарламаға қызығушылық танытуда. Аудан бойынша 76 адам – 489 млн. 635 мың теңгеге құжат тапсырса, 65 адамға – 441 млн.185 мың теңге көлемінде несие берілді», – дейді Шыңғырлау ауданы әкімі.

Жоба аясында ауданға 245 млн 400 мың теңгеге – 310 асыл тұқымды «Сементал», «Қырдың қызыл» (Красная степная) тұқымды ірі қара аналық және 2 бұқа мал бастары алынған.  27 жеке кәсіпкер асыл тұқымды мал сатып алған үшін субсидияға өтінім беріп, 39,6 млн теңге көлемінде субсидия алған. Жыл санап ауданда шаруалардың егін саласына бет бұрғаны қуантарлық жағдай. Аудан бойынша 24 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен аудандық колледжі егін шаруашылығымен  айналысады. Ал, 19 шаруа қожалығы бау-бақша егумен айналысуда. Қазіргі таңда аудан бойынша егістік көлемі 38 529 гектарды құрап отыр.

2022-2023 жылдары инвестиция тарту мақсатында ауданда бірнеше жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда негізгі капиталға инвестициялар тарту аясында Шыңғырлау ауданы бойынша аудан әкімімен бекітілген меморандумға сәйкес құны 736 млн теңге болатын 10 жоба жоспарланған.  «Архар-Бизнес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жылы құны – 300 млн теңгеден астам қаражатқа Самара-Шымкент тас жолының бойында жаңар-жағармай құю бекетінің құрылысын бастапты. Ал, Ақбұлақ ауылында «Асқар» шаруа қожалығы құны – 50 млн теңгелік заман талабына сай супермаркет құрылысын жүргізуде.  Аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған тұлғаларды үймен қамтамасыз ету мақсатында Шыңғырлау ауылында  3 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жақында қолданысқа берілмек.  Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 96 млн теңге бөлініп, аудан бойынша 10 коммуналдық тұрғын үй сатып алу жоспарланған.

Бұған дейін өткен тұрғындармен кездесуде аудан орталығында ауыз су мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын. Қазіргі таңда аудан орталығындағы  3-ші көтерілім жағдайы тұрақсыз болғандықтан Шыңғырлау ауылында жаз мезгілінде ауыз су беру кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Осы мәселені шешу мақсатында жоба құны – 507 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өткені жұртшылықты қуантты. Ендігі кезекте қаражат мәселесі шешімін тапқан жағдайда жобаларды рет-ретімен жүзеге асыру жоспарда. Аудандағы өзекті мәселе – электр желілерінің тозығы жетуі. Бүгінде аудан бойынша электр желілерінің 90,3 пайызының тозығы жетіп, халықпен кездесулерде тұрғындар тарапынан осы мәселе жиі көтеріледі. Аталмыш мәселені Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған «Батыс Қазақстан облысының электр желілерін жаңғырту» бағдарламасының негізінде шешу жоспарланған. Аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңінде ауданға қарасты Алмаз, Ақбұлақ, Қарағаш ауылдық округінің аумағындағы электр желілерін жаңарту қарастырылған. Бұл бағдарлама іске асқан жағдайда үш округтің ауыл аралық, ауыл ішілік желілері ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылатын болады.

Облыста атқарылып жатқан ауылдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыс пен алдағы жоспарларды айтып өткен облыс басшысы Нариман Төреғалиұлына аудан тұрғындары жөндеуден өтіп жатқан «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай» жолының аяқталуы, аудан орталығына қосымша су мұнарасын қою, аудандық аурухана ғимараты және Л.Қылышев атындағы мектепке күрделі жөндеу қажеттігі туралы өтініштерін жеткізді. Өз кезегінде БҚО әкімі  Hариман Төреғалиев басталған істің аяқсыз қалмайтынын ескертіп, күрмеулі мәселелердің бірқатарының оң шешілуі келер жылдың еншісінде екенін айтты.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары