$ 520.91  544.25  5.29
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Оралда алғаш рет ерлер форумы өтті

Форумға қатысушылар ерлер қауымына, жастарға деген өз ақыл-кеңестерін айтып, ой-пікірлерімен бөлісті

Оралда алғаш рет ерлер форумы өтті

Жастар бастамасымен Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында алғаш рет «Ел үмітін ер ақтар!» атты ер азаматтар форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтардың табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, туған өлкесінің өзекті мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісуді көздеген шараға  БҚО азаматтары, мәслихат депутаттары, қоғамның белсенді жастары мен ЖОО және АОО студенттері қатысты.

Форумда Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы Мұнайдар Балмолда, БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхы, «Назар аудар» театрының актеры Азамат Аленов, Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог-маманы Бақытжан Құралбайұлы және «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты БҚОФ төрағасының орынбасары, «Балаларға базарлық Орал» қазақша аниматорлар орталығының негізін қалаушысы Ерлік Шамғали ерлер қауымына, жастарға деген өз ақыл-кеңестерін айтып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Мәселен,  Нұрділдә Серікұлы мемлекеттік қызмет, халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір, Отанға, қызметке деген адалдық жөнінде әрлі өлеңмен ой өрбітсе, ақын, журналист Мұнайдар Балмолда туған жер, тіл, тектілік жөнінде айтып өтті.  Жастайынан еңбекпен шыңдалған, спорт саласында жүргенімен, өнердің шын жанашыры болған БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхы қоғамдық жұмыстардың маңыздылығын және жастардың спортқа деген қызығушылықтарын оятып, ынта-жігерлерін арттырды. Ал, «Назар аудар» театрының актеры, көп көрермендердің ықыласына ие болған кинотуындылардың продюссері Азамат Аленов өзінің өнер жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Өз кезегінде  оралдықтарға «Балаларға базарлық» атымен танымал  белсенді жас Ерлік Шамғали еңбек етуде ешқандай шектеу жоқтығын, жастарға арналған барлық мүмкіндіктер жасалғанын айтты.   

«Басты ұстанымым  – еңбек ету, ерінбеу. Қазіргі таңда «Балаларға базарлық», «Тойға шашу»  қазақша аниматорлар орталығы, фобия шоу секілді  үлкен іс-шараларды ұйымдастыратын орталықтың жетекшісі ретінде тәжірибеммен бөлістім. Өмірде адам бір нәрсемен шектеліп қалмауы керек. Ер адамның қарым-қабілеті мол болады, сол энергияны дұрыс пайдалана білсе, еңбегінің жемісін көрері хақ. Көпшілік мені  «Балаларға базарлық», жасотандық, волонтер Ерлік деп танып жатады. Мен бұған қуанамын. Өйткені, бұл жасап жатқан жұмысымның жемісі. Көбісі менен  «Энергияны қайдан аласыз?»  деп сұрайды.  Бойда энергияң тасып, әрдайым тебіреніп жүруің үшін қасиетті Қаратөбеде туылып, құт мекеннің топырағында аунап, өсуің  керек деп жауап беремін. Алты жылдан бері өңір тұрғындарының қуанышына ортақтасып жүрген  «Балаларға базарлық» орталығының аниматорлар  құрамына қазақ батырларының кейіпкерлері енгенін еңбегімнің жемісін бергені деп түсінемін. Студент жастарды жұмыспен қамтып отырған бірден-бір орталық бүгінде  ойнап жүріп ойландыратындай қазақтың ұлттық  ойындарын бағдарламамызға енгіздік, шетелдік кейіпкерлерді қазақша сөйлете бастадық.  Қазір ұлттық құндылықтарымызға мән беріліп, ұлттық киімдер киіп жүру трендке, киімдеріміз брендке айналды. Мұны отбасылық  тақия тігу кәсібімізден байқап жүрмін. Ою-өрнекпен көмкерілген тақиямызға сұраныс артып келеді», – деген Ерлік Шамғали елдің туын желбіретер намысты додаларда басынан тастамай киіп, ұлтты рухымызды көтерсін деген ниетпен ел чемпиондары Ерасыл Бақыт пен Армат Қабдоловқа өрнектелген тақия кигізді. 

Жиында жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуда өз үлесін қосып жүрген Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог-маманы Бақытжан Құралбайұлы Отанды сүю, ата-ананы қадірлеу, отбасындағы ер азамат рөлі жайында әңгіме өрбітті.

Тағылымды шараның тізгінін ҚР Жазушылар одағының мүшесі, журналист Әділет Орынбасаров жоғары деңгейде жүргізді.

«Тұңғыш мәрте өткен форумның басты ерекшелігі – жиналған жастар өкілдері де, үлкен буын да тек ер азаматтар. Расымен, қазір қоғамда «әйел заты осындай болуы керек, олай осылай жүруге міндетті» деген сыңайдағы сыпсың әңгімелер өріп жүр. Дегенмен, сол әйел адамдарға қорған болар ЕРЛЕР қауымының өзі қандай деңгейде? Қазақтың жігіттерінің бүгінгі келбеті қандай? Әке мен бала, аға мен іні қарым-қатынасына көңіл бөліп жатырмыз ба?! Ел сенім артар ерлер ез болып бара жатқан жоқ па? Міне, осындай сауалдарға шынайы түрде жауап іздеуіміз керек. Ерлер форумының көздегені де осы сауалдар төңірегінде ой қозғау, пікір алмасу», – деген ол облыста алғаш мәрте өткен шараны қолға алған БҚО қоғамдық даму басқармасы, сол басқарманың белсенді өкілі Мирфат Бисекеновке, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі орталық басшысы Аңсар Ибраев пен Орал жастарының нағыз көшбасшысы Дулат Жүсіпқалиевке алғыс білдіріп, форум жұмысы аудандарда жалғасса деген ұсынысын жеткізді.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары