Израильдің әуе соққыларынан қаза тапқан палестиналықтар саны 1537-ге жетті
Қаза тапқандар арасында 500 бала бар
Израиль қоршауында қалған Газа секторына жасалған әуе шабуылынан қаза тапқан палестиналықтар саны 1537-ге жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Газа денсаулық сақтау министрлігі қаза тапқандар арасында 500 бала бар екенін хабарлады.
Ведомство таратқан жазбаша мәлімдемеде аймақта қаза болғандар мен жараланғандар туралы мәлімет берілді.
«7 қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан 1537 адамның қаза тапты. Оның 500-і – бала, 276-сы – әйел. Сондай-ақ 6612 адам түрлі жарақат алды», - делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін министрлік 1417 адамның қаза тауып, 6268 адамның жараланғанын айтқан болатын.
Тақырыпқа орай: Израиль армиясы ХАМАС-тың шабуыл жасайтынын алдын ала білгенін мойындады
Еске салайық, 7 қазанда таңертең палестиналық ХАМАС қозғалысының әскери қанаты Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» операциясының басталғанын хабарлады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран ұшырылып, қарулы топтар Израиль елдімекендеріне басып кірді.
Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақпен Газа секторындағы ХАМАС-қа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын мәлімдеді.
Израиль мәліметітне сүйенсек, соңғы шабуылдардан кемінде 1300 израильдік қаза тауып, 2600-ден астамы жараланған.
Израильдің Газаға жасаған соққыларынан сондай-ақ 8 журналист қаза тапты.