Атырауда қауіпті қалдықты жоймаған кәсіпорынға 923 млн теңге айыппұл салынды
Компания 2022 жылдан бастап 477 тонна мұнай шламын жинаған

Атырау облысында қауіпті қалдықтарды сақтаған кәсіпорынға 923 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Жылыой Болашақ» ЖШС-і рұқсат құжаттарынсыз мұнай шламдарын жинақтау бойынша қызметті жүзеге асырғанын анықтады.
«Мәселен, 2022 жылдан бастап қауіпті қалдықтарға жатқызылған 477 тонна мұнай шламы жинақталған. Осы факті бойынша «Жылыой Болашақ» ЖШС-не сот 923 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Өз кезегінде прокуратура «әрбір табиғат пайдаланушының қоршаған ортаны қорғаудың және оған рұқсат етілген антропогендік әсер ету нормативтерін қатаң сақтаудың маңыздылығын, өйткені бұл адамның денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететінін» белгілейді.