Былтыр әлемде рактан 9,6 миллион адам қаза тапты
Былтыр әлем бойынша 24,5 миллион адам ракпен күрескен, деп жазады JAMA Oncology
195 мемлекеттің ғалымдары әлемде қанша адам онкологиялық аурулардан қаза табатынын және ракпен күресетінін анықтады. Олардың айтуынша, соңғы он жылда әлем бойынша рак көрсеткіші 33 пайызға артты.
«Соңғы он жылда онкологиялық аурулар көрсеткіші 33 пайызға артқан. 2018 жылы әлем бойынша онкологиялық аурулардан 9,6 миллион адам қаза тапқан. Ракқа шалдыққан 24,5 миллион адамның жартысы әлеуметтік-демографиялық индексі жоғары мемлекеттердің азаматтары», дейді ғалымдар.
Олардың айтуынша, экономикасы дамыған мемлекеттерде онкологиялық аурулардың көрсеткіші аз екені байқалған.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы онкологиялық аурулармен күресу және алдын алу шараларын басым міндеттер қатарына қосқан еді. Бүгінгі таңда рак жаһандық дамуға кері әсер ететін қауіп ретінде танылған. Ал рак көрсеткішінің артуына медицинадағы жетістіктердің көбеюі әсер етуі мүмкін, себебі бүгінгі таңда медицина дамып, ауруды ерте анықтаудың түрлі тәсілдері табылды», дейді ғалымдар.