Жыл басынан бері мүгедектерге 235 млрд тг бөлінді
Қазақстанда мүгедектігі бар 690 мың адам тіркеуде тұр
Биылғы жылдың 9 айында 521 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанға 235 млрд теңге сомасында әлеуметтік төлемдер, техникалық көмекші құралдар мен арнайы қызмет көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар 690 мың адам тіркеуде тұр. Оның 424 мыңы еңбекке қабілетті жаста. 177 мың адам зейнеткер болса, 89 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар.
Жыл басынан бері мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 198,1 млрд теңге жұмсалған. 1 қазандағы мәлімет бойынша әлеуметтік төлем алушылар саны 521 мың 153 адамды құрады, жәрдемақының орташа мөлшері – 42 496 теңге. Республикалық қазынадан бұл мақсатқа 265,3 млрд теңге қарастырылған.
«Биылғы жылдың 1-ші шілдесінен бастап мүгедек балаларды және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгетектігі бар адамдарды күту бойынша мемлекеттік жәрдемақы көлемі артты. Оның мөлшері 41 578 теңгеге жетті. Бүгінгі күні жәрдемақының бірінші түрін 27 млрд. теңге сомасына 84,7 мың адам, екінші түрін – 4,3 млрд. теңге сомасына 13,5 мың адам алды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Артем Әбілдинов.
Мүмкіндіктері шектеулі жандардың әлеуметтену деңгейін арттыру мақсатында олар техникалық көмекші құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етіледі. 2019 жылы бұл мақсатқа 125 мың 530 адамға 7,5 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері осы бағыт бойынша 4,8 млрд теңге игерілген.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің бір бағыты – жартылай стационар және үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. 2019 жылы осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда мұндай қызметтер жалпы сомасы 688 млн. теңге көлемінде 4 мыңнан астам азаматқа көрсетілді.
«Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа да салалардың әлеуметтік қызметкерлерінің жұмысын үйлестіру тетігі әзірленеді, бұл мұқтаж азаматтарға «жалғыз терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Әбілдинов.
Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта интеграцияланған модельді енгізу бойынша пилоттық жоба еліміздің 10 өңірінде: Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар облыстары, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында іске асырылуда.