$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.10.2019, 20:01
Жаңалықтар

Қазақстанда тұзды топырақты зерттейтін ғалымдар тапшы

Тұзды топырақтың құрамындағы уытты мөлшердің артуы егін шаруашылығын тоқырата бермек

Қазақстанда тұзды топырақты зерттейтін ғалымдар тапшы
Фото: turbina.ru

Екінші рет пайда болған тұзды сорлар қазақ даласындағы суармалы жерлердің көлемін үлкен жылдамдықпен кемітіп барады. Тұзды және тұзданған топырақтың құрамындағы уытты мөлшердің артуы егін шаруашылығын тоқырата бермек. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Қазақстанда жарты ғасыр бойы топырақ саласын зерттеген профессор Жекен Мамытов айтты. 

Ғылымда тұзды топырақтар төрт түрге бөлінеді: сор, сортаң, шақат және тақыр. Бұл саланы ғалым ұзақ уақыт зерттеп, тұзды топырақты жоюдың жаңа технологиясын ойлап тапқан. Ол өзге ғалымдармен бірге арысы Жапония, берісі Қытай қызыққан ғылыми жаңалықтарын қазақ жерінде біртіндеп жүзеге асыра бастағанда, тоқырау заман келіп, қазіргі Қазақстанның үкіметінен қолдау таппаған.

«Кеңес кезінде Топырақтану институтында 380 адам қазақ даласындағы тұзды топырақты зерттеумен айналысты. Мәскеу ақша аяған жоқ. Олар жіктеп, анықтап,  ерекшеліктерін таңдап,  тип-типке, түр-түршеге дейін бөліп, әрқайсысын зерделеген соң, тұзданудың  далалық 360 нұсқасы табылды. Оларға жеке-жеке атау берілді. Кеңес ғалымдарымен бірігіп, теориясын жіті зерттедік. Сол төрт жүзге жуық ғалым мен ғылыми қызметкерлердің жүргізген еңбегін іс-жүзіне асыруға келгенде Кеңес үкіметі құлады да, барлық еңбек архивке кетті. Диссертация есеп күйінде, монография және  мақала күйінде жатыр», - дейді ғалым Ж.Мамытов.

Тұз жазықтық белдеулердегі топырақ зоналарының барлығында кездеседі. ТМД елдерінде оның үлесі 52 млн гектар. Ал таза сорлар, сортаңдар 120 млн гектар, оның 70% Қазақстанда. Ал қалған 30% Батыс Сібір, Орталық және төменгі Еділ бойында, Украинаның оңтүстігінде, Орта Азия мен Кавказ алды тауларының Солтүстік-Шығысында кездеседі.

Фото: turbina.ru

Жекен Мамытов бастаған ғалымдар тобына Дінмұхамед Қонаев ерекше үміт артқан. Одан бұрын ғалымдар топырақтағы тұздың дақылдарға бәрі бірдей уытты емес екенін түсінген. Бірақ арнайы технология болмаған соң тұзды кетіру үшін барлық минералымен бірге топырақты жуып кетіретін. Ал олардың құрамында мыңдаған жыл бойы қалыптасқан, өсімдікке қажет қорек заттар шайылып кетіп отырған.

Кеңес үкіметінің қазіргі Іле өзені бойына Балқашқа дейінгі аймаққа күріш егу жоспары болған. Алғашқы жылдары өнім шықпаған соң, ғалымдар тобы ойлап тапқан тұзды топырақтарды игерудің жаңа технологиясы (НТОЗ) қолданылады. Көп ұзамай заласыздандырылған жерлерге күріш шыға бастайды. Дәл осы ғылыми жобаны Филиппинде дүниежүзілік күріш институты үздік деп танып, шетелдіктер қазақ ғалымдарын өздеріне шақыртады. Бұған Ж.Мамытовтан бөлек Г.А.Егоричев, В.А.Корниенко, А.Т.Байменова сияқты ғалымдар үлес қосты.

Фото:  Жекен Мамытов, биология ғылымдарының докторы, профессор

Қазір қазақ даласында топырақтың тұздануының екінші процесі жүріп жатыр дейді маман.

Егінді бей-берекет суғарудың салдарынан минералданған топырақ асты суларының деңгейі жоғары көтеріліп, жер бетіне жақын орналасқан топырақ қабаттарына тұздардың сіңуі жиілеген. Егер мұндай сулардың деңгейі 1,5 - 2 метр тереңдікте болса, топырақ тұздана береді. Ал, ол 6 метр тереңдікке кетсе, тұздану процесі жүрмес еді. Дихандар да, ауыл шаруашылығымен айналысатын фермелер де осыған мән бермей отыр. Ал оны қадағалайтын ғылыми-зерттеу инситуттары мен үкіметтік деңгейде бірді-бір мекеме жоқ. Бұл - біздің ең басты дертіміз, дейді Жекен Мамытов. 

«Суғарудың жоғары деңгейінде және каналдардағы судың топыраққа сіңіп кетуі арқылы грунт суларының мөлшері көбейіп келеді. Суғару каналдарынан келген сумен егінді  дұрыс суғармау топырақта тұз мөлшерінің көбеюіне соқтырады. Бұл  екінші реттік тұздану деп аталады. Ал бірінші реттік тұздану табиғи процесс. Екінші реттік тұздану солтүстік аудандардағы шектен тыс суғарудан топырақтың батпақтануына әкеп соқтырып жатыр.

Ал, оңтүстік Қазақстандағы суармалы жерлдерде топырақ астындағы судың деңгейі жоғары көтеріледі. Ал, оның консентрациясы өте мол, жердің бетіне шыққанда, күн ыстықтан су буланып кетеді де, тұзы топыраққа сіңіп қалады. Мұны екінші рет тұздану деп атайды. Әлгі сор, сортаң топырақ осыдан көбейіп барады», - дейді зерттеуші. 

Қазақ даласындағы тұзды топырақтарды теориялық тұрғыдан зерттеген ғалымдардың ісін жалғастыратын ғалымдар бар ма?

Биыл 80 жасқа келген ғалымның бар арманы – өз ісін жалғастыратын маман даярлау еді. Ол нақты осы саланы зерттейтін шәкірттің болмағанына өкінеді. Кеңес уақытында, егемендіктің алғашқы жылдарында қазіргі Қазақ аграрлық университетінде тұзды топырақты зерттейтін арнайы пән, ғылыми бағыт бар болатын. Қазір тіпті, жалпы топырақты зерттейтін жастарға білім беріліп жатқан жоқ. Ерте ме, кеш пе бұл мәселе күн тәртібіне шығады. Себебі сортаң, сор, кебір, тақыр топырақ Қазақстанның кез-келген аумағында обыр ауруы сияқты жайылып барады. Ал оның емін табуға ешкім асығар емес, дейді Жекен Үмбетқұлұлы.

Фото: Амангелді Саданов, Микробиология және вирусология институтының бас директоры

Ашық дерек көздерінде суармалы егістердің дүние жүзіндегі ауданы шамамен 250 млн га жуық. Ирригациялық зоналармен қатар суармалы топырақтар екінші реттік сортаңдануға ұшырап барады. Мөлшерсіз, ретсіз суару кезінде топырақ интенсивті түрде булана бастайды. Су тиген соң еріген тұздар топырақ бетіне жиналады. Тұзданудың екінші процесі осылай жүреді.  

Топырақ ғылымы қай елдің болсын негізгі ғылымдарының бірі. Кез келген өнімді алу үшін дақылды суға, ауаға емес, топыраққа шашасың. Егер топырақтың құнарлылығы жақсы болса, жақсы өнім аласыз. Ал, қазіргі Қазақстан жағдайында топырақ екінші рет тұзданып жатыр. Осы тұзды бейтараптандырмай, мәселе ешқашан оңалмайды, дейді Микробиология және вирусология институтының бас директоры Амангелді Саданов. 

«Осы сала бойынша Жекен Үмбетқұлұлы 40-50 жыл айналысып келді. Осы тұздылықты азайтамын деп еңбек етті. Топырақтану инситутына біз жас кезімізде аспирант болып барғанда, бұл кісілер осы саланы зерттеп жүретін. Кеңес заманында сол топырақтану инситутында 500 адам жұмыс істейтін, қазір ол жерде 50 адамнан артық ешкім жоқ. Олардың ішіндегі ғалымдардың ең төмен жасы 60-та. Қанша дегенмен, бұл кісілерде үлкен мектеп болды. Бірақ ол инситутқа жастар мүлдем келмеді. Қазір саланың мамандары тым қартайып кетті. Жас PhD мамандарын, осы саланы оқыған жастарды тартпаса, бұл сала құрдымға кетеді. Ал, бүгін 80-ге келген ғалым өз білімі, ілімін, осы күнге дейінгі зерттеулерін сол жастарға тастап кеткісі келеді. Бұл кісінің буынында қазір топырақтың тұзданып кетпеуін зерттеген жалғыз адам қалды. Ол Жекен Мамытов», - дейді А. Саданов.

Дерек:

Жекен Үмбетқұлұлы Мамытов 1939 жылы 9 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қастек ауылында туды. Ғалым, биология ғылымдарының докторы (1978), профессор (1956). Ж. Мамытов 1962 жылы ҚазПИ-ді, 1967 жылы ҚР ҰҒА Топырақтану институтының аспирантурасын бітірген. 1967-1989 жылдары осы институтта аға лаборант, кіші, аға ғылыми қызметкер, лаборотория меңгерушісі, 1989-1991 жылдары «Дархан» кооперативінің төрағасы, 1991-1995 жылдары бас ғылыми қызметкер болды. 1996-1999 жылдары ҚХР-ның «Жасыл индустрия» ҒЗИ-ның директоры және Қытай ауылшаруашылығын дамыту компаниясының бас ғылыми кеңесшісі. 1999-2002 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институында, 2002 жылдан ҚазҰУ-де профессор. Оның 200-ге жуық ғылыми еңбегі, соның ішінде 2 монографиясы жарияланған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары