Серік Күдебаев сотта соңғы сөзін сөйледі
Ол Талдықорғандағы сотқа жеткізілді
Талдықорғанда Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Арнайы күзетпен сот залына жеткізілген полиция генерал-майоры сотта соңғы сөзін айтты.
«Мен кінәлі емеспін. Мен өз халқыма, әйелдер мен балаларға оқ атқаным жоқ. Ешқандай азаптау болған жоқ. Жәбірленушілер мұны жоққа шығарды. Басқа айтарым жоқ», - деді ол.
Айта кетсек, Серік Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің ұсталғанына қатысты пікір білдіріп, оның құқық қорғау органдарына өз еркімен берілгенін мәлімдеді.
Еске салайық, өткен жылдың 26 қаңтарында Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев қызметінен босатылған болатын. Оның жұмыстан босатылуының жай-жапсары Ішкі істер министрлігінде белгілі болды.
Серік Күдебаевтың соты Талдықорғанда үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында басталды. Ол 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде «ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздігі» үшін айыпталған еді. Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаев қаңтар оқиғасы кезінде генерал Серік Күдебаевтың қайда жоғалып кеткенін айтты.
Сот талқылауы барысында прокурор айыпталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Бастапқыда генерал-майорға үкім 10 наурызға белгіленген, бірақ сотталушының сырқатына байланысты сот отырысы кейінге шегерілді. Содан 16 наурызда дәл осындай себеппен сот отырысы өтпей қалды. Үкімді жариялау 20 наурызға шегерілді, бірақ сол күні кейінге шегерілді. Содан кейін сот отырысы 27 наурызда төртінші рет кейінге шегерілді. 30 наурызда Серік Күдебаевтың сотқа күштеп жеткізілетіні белгілі болды. Кейін оның елден қашып кеткені белгілі болды. Анықталғандай, генерал Бішкектегі «Манас» әуежайынан Ыстамбұлға ұшқан.
27 сәуірде Серік Күдебаевтың ұсталғаны белгілі болды. ҚР Бас прокуроры Берік Асылов оның Түркиядан жеткізілгенін мәлімдеді. Генерал уақытша ұстау изоляторына қамалды.